Облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы, облыстық кәсіпкерлер палатасы мен Қолөнершілер одағы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Ұлттық өнердің түнгі сыры» атты қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті.
Көрмеге кәсіби және әуесқой қолөнер шеберлері қатысты. Басты мақсат – қолөнершілердің басын қосып, туындыларын көпшілікке таныстыру, сол арқылы тарихымызды, салт-дәстүрімізді кеңінен насихаттау.
Көрмеге 20-дан астам шебер қатысып, 100-ге жуық туынды көпшілік назарына ұсынылды. Онда ағаштан жасалған бұйымдар, кестелеп тігілген ұлттық киімдер, этносөмкелер, өрнектеп безендірілген заттар болды. Сондай-ақ ұлттық нақыштағы киімдер мен зергерлік заттардың бірнеше нұсқасы қойылды.
Ашылу салтанатында облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Әлиасқарұлы, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Айтбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, сәттілік тіледі.
– Бұл көрме әдет-ғұрыпты ашып көрсетуге, туындыларды көпшілікке таныстыруға бағытталған. Сыр өңірі – көне дәуір көзі, мәңгі өшпес те өлмес мұралардың қазыналы мекені. Сан ғасырлық мұралар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Ұлттық қолөнер шеберлерін талант иелері деп айтуға толық негіз бар. Бүгінде олардың қолынан шыққан қайталанбас туындылары көне жәдігер болып музей қорында сақтаулы, есімдері тарих беттерінде жазулы. Жалпы өңірімізде 50-ге жуық қолөнер шебері бар. Бұл мақсаттағы көрме жалғасын табады, – деді музей директоры.
Көрме-жәрмеңкеде ағаш шебері Б.Ділманов домбыра жасау, Қ.Ілиясова құрақ құрау, А.Әлайдарова киізден пано жасау үлгісін, М.Әлжанова кілем тоқу өнері бойынша шеберлік сағатын ұйымдастырды. Өзара тәжірибе алмасып, біліктілік арттырды.
Көрмеге қатысушылардың бірі – қолөнер шебері Марияш Әлжанова. Айтуынша, бұл іспен бала кезден айналысып келеді.
– Сырдария ауданы «Айдарлы» ауылынан келдім. Киізден жасалған бұйымдар жаныма жақын. Қазір қой жүнін пайдаға жаратудан қалдық. Түптеп келгенде адам денсаулығына жүннен жасалған бұйымдардың пайдасы орасан. Осыны жастардың санасына сіңіріп, үйрету керек. Мәселен, киіз шаң-тозаңды өзіне тартып, ауаны тазалап тұрады. Бұл буын, өкпе ауруларының алдын алатыны, денсаулыққа пайдалы екені ғылыми дәлелденіп отыр. Астана қаласында Көшпенділер ойындары кезінде өткен жәрмеңкеге қатысып қайттым. Сонда байқағаным, жүннен жасалған өнімге сұраныс жоғары. Қолөнер – өміршең өнер түрі. Осыны дамыта түсуіміз керек, – дейді ол.
Сыр елінің мәдени мұрасы мен асыл қазынасын паш еткен көрме келушілердің қызығушылығын тудырды.
Қорытындысында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Жанұзақов қолөнер шеберлеріне арнайы Алғыс хат табыстады. Сонымен қатар, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Айтбайұлы алты үздік қолөнер шеберін марапаттады.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<