Газетіміздің №48 санында жарияланған «Сәуір айындағы сегіз өзгеріс» тақырыбында берілген мақаладағы «Қайтарымсыз грантқа құжат қабылдау басталды» деген бөліміндегі ақпаратты түзетіп оқуларыңызды сұраймыз.
Облыстық жұмыспен қамтуды ұйымдастыру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының берген мәліметінше, биыл 1556 азаматқа 400 АЕК (1 адамға 1 572 800 теңге) көлемінде грант беру жоспарлануда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тарапынан business.enbek.kz порталы арқылы гранттардың берілу (өтінімдер қабылдау мен гранттарды беру) кестесі алдағы уақытта бекітіліп, алдын ала БАҚ беттерінде хабарланатын болады.
Былтыр 1556 азаматқа конкурстық комиссияның шешімімен 1556 адамға (1476 800 теңге) грант берілді. Олар жеке кәсіпкер ретінде салық органдарына тіркеліп, кәсіпкерлік қызметтерін жүзеге асыруда. Жалпы 1892 жаңа жұмыс орны құрылған.
Бұл ретте, бір айта кетерлігі, грант алуға үміткерлер өтініш беру үшін қағаз жүзінде құжаттар ұсынбайды, яғни өтініш беру автоматтандырылған түрде business.enbek.kz порталы арқылы ғана жүзеге асырылады. (2024 жылы 3264 өтініш электронды түрде қабылданып, конкурстық комиссияның қарауына шығарылды).
Қайтарымсыз грант халықтың әлеуметтік осал топтары қатарына жататын адамдардың 7 санатына конкурстық негізде беріледі. Олар: мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар, төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, мүгедектігі бар бала (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған және (немесе) оның жұбайы (зайыбы), еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар.
Сонымен қатар, өткен жылдан бастап грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі конкурстық комиссиялардың жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында комиссиялардың отырысы Мансап орталығы филиалдарының әлеуметтік желілердегі парақшаларында тікелей эфирде трансляцияланды.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<