Сәуір айынан бастап жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін қайтарымсыз грант шарттарына өзгерістер енгізілді. Мемлекеттік грант мөлшері 1 225 200 теңгені құрайды.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаева айтты.
Естеріңізде болса, бұған дейін мемлекеттік гранттарға барлық санаттағы азаматтар үміткер бола алса, биылдан бастап тек 29 жасқа дейінгі жастар мен әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар ғана грант алады.
– Әлеуметтік осал топқа атаулы көмек алушы отбасы мүшелері, көп балалы отбасылардың мүшелері, мүгедектер, мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны алатын адамдар және қандастар жатады. Грант беру процесі биыл электронды түрде өтеді. Бұл ретте үміткерлер өтінімдерін 1 наурыздан бастап іске қосылған «Еңбек-Бизнес» порталына ЭЦҚ арқылы тапсырады, – деді Ж.Дәулетбаева.
Сонымен қатар, аталған санаттағы азаматтар жұмыспен қамту органдарында тіркеуде тұрған жұмыссыздар, мәртебесін ресімдеу мерзімі 1 жылға дейінгі жеке кәсіпкерлер, бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер немесе жеке қосалқы шаруашылықта жұмыс істейтін азаматтар қатарынан болуы тиіс.
Комиссия отырысында үміткер бастапқы бизнес жобасын таныстырады. Айта кетейік, грант тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын мүлік сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді. Сонымен қатар ол бір рет беріледі.
«СБ» ақпарат





