Қайтарымсыз грант ұтып алған атыраулық жігіт өз ауылынан кинозал ашты

711

0

Фото: ашық дереккөз

Қайтарымсыз грант ұтып алған атыраулық жігіт өз ауылынан кинозал ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Махамбет ауданында тұратын жас кәсіпкер Әлібек Жұмағалиев өзі тұратын ауылында шағын кинозал ашты. Ол осы жобасы үшін жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін 1 млн 225 мың теңгенің қайтарымсыз грантына ие болған.

«Аудан орталығы – Махамбет ауылында тұрамын. Осындағы «Бизнес-инкубатор» ғимаратынан ашқан жаңа кинозалға әр буынның өкілдері келеді. Күндіз балаларға арналған қызықты мультфильмдер қоямыз. Кешке ересектер, отбасымен, достарымен жиналып, түрлі фильмді көреді. Билет бағасы балалар үшін 800 теңге, ересектерге 1200 теңге. Әзірге залдың шаршы метрі 10 адамға ғана арналған», – дейді Әлібек Жұмағалиев.

Оның айтуынша, кинозалға келушілердің басым бөлігі – оқушылар мен жасөспірімдер. Әр аптаның сәрсенбісінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына кино тегін көрсетіледі.

«Қайтарымсыз грант қаржысына қажетті құрылғыларды, LED экранды сатып алдым. Кейін залды дайындап, жөндеу жүргіздік. Әзірге арнайы форматтағы фильмдерді ғаламтордан алып отырмыз. Прокатқа бірден мүмкіндік болмады. Келушілер саны көбейсе, залды кеңейтуді ойластырып жүрмін. Жаңа фильмдерді көрсеткіміз келеді», – дейді жас кәсіпкер.

Махамбет аудандық әкімдігінің мәліметінше, былтыр жаңашыл бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін қайтарымсыз грантты 30 адам ұтқан. Оның 15-і жастар болса, қалғаны әлеуметтік осал топ санатындағы жандар.

Сурет ашық дереккөз

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<