Қайық жасаудың хас шебері

652

0

Өткеннен тағылым алып, оны өмір өзегіне айналдырған ісмер адамдар қоғамда көптеп кездеседі. Барын бағалап, жақсысын жарастырып жүрген жандар жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Ондағы мақсат – жастарды еңбекқорлыққа баули отырып, еңбек адамдарын насихаттау. Он саусағынан өнер тамған қолөнер шеберінің бірі аралдық – Жансерік Нысанбаев.

Өнегелі отбасында өсіп-өнген шебер жастайынан әке тәлімін бойына сіңіріп, кәнігі қолөнер иесі атанды. Қазіргі уақытта шыны пластиктен қайық жасап жүр.

Оның шеберханасынан шығатын өнімді Балқаш, Қапшағай мен Каспиидің балықшылары пайдаланып келеді. Сапалы өнім су бетінде еркін көсіледі. Сонан да сұраныс жоғары.

Осыдан он жыл бұрын ашылған қайық құрастыру цехында теңіздің мұзы еріген кезде ғана жұмыс қызатын. Қазір мұнда күндіз-түні тынымсыз еңбек науқаны жүріп жатыр. Бұған дейін қайықтың пішінін жасау мен желімдеу, бояу секілді жұмыстар адам қолымен істелсе, бүгінде заманауи технологияның көмегімен іске асып келеді. Қайыққа қажетті шикізатты шебер шетелден алдыртады.

– Басты мақсатымыз – «Қазақстанда жасалған» деген брендті қалыптастыру. Ең бастысы, өнім сапасына мән береміз. Көпшілік теңізде жүріп, тәжірибеден өткен қайықты алуға ынталы. «Еңбектің көзін тапқан, берекенің өзін табады» деп халқымыз тегін айтпаса керек-ті. Оның ішінде қолөнер ісі аса шыдамдылық пен терең талғампаздықты қажет етеді. Адам қандай іспен айналысса да, шынайы көңіл қалауымен атқаруы керек. Мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие алдым. Қазір сол қаражатыма қажетті станоктар алып, жұмыс істеп жатырмын. Жұмысшылардың еңбекақылары тұрақты. Бірлік бар жерде тірлік толастамай ды, – дейді шебер бізбен әңгімесінде.

Сондай ақ ол бір қараған адамға қайық жасау қиын еместей көрінетінін айтады. Бірақ сол қайыққа мінетін адамдардың өміріне жауап беретініңді сезінгенде, оның қауіпсіз болуын ойлап, жұмыстың ауырлығын сезінесің. «Қайықты жасап болған соң, сынақтан өткізіп, бірнеше рет тексеріп шығамын», – дейді Жансерік Темірбайұлы.

Бір қайықты үш күнде жасап бітіреді екен. Үлгісінің сызбасын өздері жасайды. Қазір шеберлер төрт түрлі қайықты жасап шығаруда.

Кәсіпкер 2013 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 18 млн теңге, өткен жылы «Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы тағы 20 млн теңге көлемінде несие қаражатын алған. Кәсіпорын айына 6 қайық шығарады.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<