Қайырымды істің басындағы қор

517

0

Б.Өтемұратов қоры жыл басынан бері атқарылған  жұмыс пен алдағы жоспары туралы БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізді. «ZOOM» платформасы арқылы өткен баспасөз жиынында қор директоры Марат Айтмағамбетов жыл қорытындысы туралы айтса, Қамқоршылар кеңесінің төрағасы, профессор Алмаз Шарман, кеңес мүшесі, ҚР Халық артисі Жәния Әубәкірова жаңа жобалар туралы әңгімеледі.

Биыл қор денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және әлеуметтік саладағы жобаларға 3 миллиард теңге қаражат бөлген. Алмаз Шарман жүзеге асырылған 18 жобаға тоқталды. Оның ішінде «Аутизм. Барлығына бір әлем» жобасының кеңейтілуі, «Жасыл мектеп», «Jas Leader Akademiiasy», табиғи апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсету және мұқтаж отбасыларды баспанамен қамтитын «Баламекен» жобасы жайлы айтты.

«Jas Leader Akademiiasy» жобасы балаларға қарым-қатынас жасау, команда болып жұмыс істеу, көпшілік алдында сөз сөйлеу және уақытты басқару дағдыларын дамытуға  көмектеседі. Пилоттық жобаға Шымкент қаласы мен Түркістан облысының 50 мектебі қатысуда. Алдағы жылы Жамбыл, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Алматы облысының білім ошақтары қосылады. Бес жылға жоспарланған жобаның жалпы құны 2,1 миллиард теңгені құрайды. Сонымен бірге балаларға арналған «Жасыл мектеп» экологиялық жобасы Алматының 16 мектебінде басталып, онда «ақылды» тамшылатып суару, жарықтандыру, жылу жүйесі бар жылыжайлар салынды.

–    Қор 5-7 сынып оқушыларына арналған оқулықтар, мұғалімдерге арналған әдістемелік құрал шығарды. Енді балалар жылыжайдағы факультативтік сабақтарға қуана-қуана барады, –  дейді А.Шарман.

Мұнан соң қор директоры Марат Айтмағамбетов қуаңшылық кезінде Арал ауданына мал азығын және жайылымдар мен шабындықтарды суару үшін ауыл шаруашылық техникасын сатып алуға 300 миллион теңге бөлінгенін айтты.

– «Баламекен» жобасы аясында Арал қаласындағы көпбалалы және мұқтаж отбасыға 40 жаңа пәтер алуға мұрындық болды. Қызылорда облысының әкімдігімен әуежайға жаңа заманауи терминал салу жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құрылыс аяқталғаннан кейін терминал сағатына 300-ге жуық жолаушыға қызмет көрсетеді. Бұл оның қазіргі өткізу қабілетінен екі есе көп. «Қызылорданың қазіргі әуежайы кеңейтуді қажет етеді, аймақ қарқынды дамып келе жатыр, бұл инвесторларды, соның ішінде шетелдіктерді де қызықтырады. Жаңа әуе айлағы қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шығатынына және бұл өңірге көбірек қонақ келуіне мүмкіндік беретініне сенімдіміз» деді қор директоры.

Сонымен бірге «Асыл Мирас» аутизм орталықтарының желісі кеңейгенін сөз етті. Жыл соңына дейін Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда, Өскемен, Ақтөбе, Орал, Шымкент, Петропавл және Павлодар қалаларындағы жұмыс істеп тұрған орталықтарға қосымша Таразда оныншы орталық ашылады. Келесі жылы Қарағандыда аутизм орталығы өз есігін ашады. Биыл 2 152 бала осы орталықтарда интервенция бағдарламаларынан өтті, осы уақыт ішінде 11 076 бала қамтылды.

Қазақстанның Қызыл Жарты айымен бірлескен «Көмек картасы» жобасы да жалғасын табуда. Солтүстік Қазақстан және Қостанай облысындағы су тасқынынан зардап шеккен адамдар 53 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек алды. Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында болған орман өрті кезінде үйлері өртенген отбасыларға жалпы сомасы 30 миллион теңгеге «Көмек картасы» берілді.

Батырхан Шөкенов атындағы қордың жобаларына қолдау көрсету де – міндеттердің бірі. Олардың қатарында «Отан Ана» альбомының шығарылуын, композиторларға арналған алғашқы музыкалық резиденцияның өткізілуін және музыкалық жоғары оқу орындары мен мектептердің дарынды студенттеріне атаулы шәкіртақы тағайындалуын айтуға болады.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<