Қала әкімдігі тұрғындарға үндеу жасады

667

0

Астана әкімдігі қала тұрғындарына үндеу жасады, – деп хабарлайды Massaget.kz.

«Астанада аптаның алғашқы күні саршұнақ аяз орнап, жер көктайғақ мұзға айналды. Алдағы күндері күн суытып, ауа температурасы 30 градустан төмен түседі. Қала тұрғындары мен қонақтары жарақат алу, үсік шалу секілді жағдайларға ұшырамас үшін қауіпсіздік шараларын қатаң сақтағаны және далада ұзақ уақыт болмағаны жөн.

Астанада бұл күндері қатты көктайғақ болып тұр. Ал қаланың жолдары мен көшелеріне үнемі құм-тұз қоспасы себіліп тұрады. Елорда тұрғындары мен қонақтары тайғанап құлап, жарақат алмас үшін қауіпсіздік шараларын сақтауы керек. Автокөлікті басқару кезінде жылдамдық режимі мен қашықтықты қатаң сақтау керек», – делінген хабарламада.

Сол сияқты «Қазгидромет» РМК синоптиктері алдағы күндері ауа райы қатты суытатыны туралы хабарлайды.

9 қаңтарда қалада көктайғақ болып, солтүстік-батыстан, батыстан секундына 9-14 метр жел соғады, ал түнде екпіні секундына 15-20 метр. Ауа температурасы түнде және күндіз 24-26 аяз болады.

10 қаңтарда жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Солтүстік-батыстан жел секундына 3-8 метр жылдамдықпен соғады. Ауа температурасы 30-32 градус аязға дейін төмендейді.

11 қаңтарда аздаған қар жауады деп болжанып отыр. Түнде ауа температурасы 33-35, ал күндіз 25-27 аязға дейін төмендейді.

Елорданың коммуналдық қызметтері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, қар күреу жұмысы тоқтаусыз жүргізіліп жатыр.

Елордада 9 қаңтар күні таңертең қар күреу жұмысына екі мыңнан астам жол жұмысшысы шықты, 1,5 мыңға жуық арнайы техника жұмылдырылды.

8 қаңтардан 9-ына қараған түні қаладан 39 мың текше метрден аса қар шығарылды, бұл 2 349 ауыр жүк көлеміне тең.

Қыс мезгілінің басынан бері қар полигондарына барлығы 1,7 миллион текше метрден астам қар мен мұз шығарылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<