Қала әкімі мәслихат төрағаларын қабылдады

359

0

Қызылорда қалалық мәслихатында «Халыққа қолайлы инфрақұрылым. Жайлы шаһар жасау бастамалары» тақырыбында семинар-кеңес өтті. Іс-шара биыл жергілікті өкілді органдар – мәслихаттар институтының құрылғанына 30 жыл толуына орай алғашқылардың бірі болып, біздің облыс орталығында өтуде.

Оған еліміздің сегіз облысынан қалалық мәслихат төрағалары мен депутаттары қатысты. Семинар басталмас бұрын қала әкімі Серік Қожаниязов қонақтарды қабылдап, ірі инфрақұрылымдық жобалар мен қаланың ұзақмерзімді даму жоспарын таныстырды.

Жиында Қызылорданың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары, жолдар мен көшелерді қалпына келтіру, сондай-ақ абаттандыру жобалары туралы айтылды. Осындай жұмыстарды бір көзден жүргізу үшін өткен жылы қалада «Жасыл Қызылорда» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылған.

Сонымен қатар қаланың жаңа дизайн-коды таныстырылып, бюджетті жоспарлау және оның орындалуын бақылау мәселелері талқыланды.

Түстен кейін семинар қатысушылары Қызылорда қаласындағы құрылыс нысандарын аралап, шыны зауытының, «Мағжан и К» ЖШС күріш өңдеу зауытының, «Отбасы орталығының» жұмысымен танысты.

Қонақтар облыс орталығының сәулеттік келбетін, көгалдандыруын, тазалығын жоғары бағалады. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта мәслихаттар арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, тәжірибе алмасуға мол мүмкіндік береді.

«СБ» ақпарат