Қала әкімі тұрғындарды мерекемен құттықтады

1033

0

Қадірлі жерлестер!

Баршаңызды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Татулық пен келісімді дәріптейтін бұл мейрам тағдыр тоғыстырған, тәңір табыстырған қазақстандықтарды қашан да ізгілікке, бауырмалдылыққа үндейді.

Өздеріңізге белгілі, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында:
«Біздің қоғам – ортақ идеалдар мен құндылықтар біріктірген еркін әрі жауапкершілігі мол азаматтардың одағы. Бұл – жалпыұлттық бірегейлігіміздің тағы бір жарқын көрінісі. Сондықтан бүгінде азаматтарымыздың барлығы өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде, қазақ ұлтының мүшесі сезінеді. Біз бәріміз – бір отбасымыз. Бұл – біздің шынайы болмысымыз» деп бір тудың, бір шаңырақтың астында берекелі ғұмыр кешкен халқымызды ең басты құндылықтарымызды қадірлеуге шақырды.

Мамырдың осы бір мамыражай мерекесі шындығында еліміздің тұтастығы мен ырыс-ынтымағының символы десек қателеспейміз. Халқымыздың сана-сезімінде берік орнығып, бейбітшілік пен келісімнің өзегі болған достық пен өзара түсіністік дәстүрлері берекелі өмірімізге айрықша ажар береді.

Мақсаты бір, құндылықтары ортақ халқымыз мызғымас бірліктің арқасында қиындықтан қаймықпай, жаһандық сын-қатердің бәрін еңсеріп келе жатыр. Бұл ретте, «Бірлік қайда барасың дегенде ынтымаққа барамын» деп жауап беретін тәмсіл қай ғасырда, қай кезеңде болса да өз қасиетін жоймайтынын ұмытпағанымыз жөн. Өйткені, ынтымағы бекем жұрттың болашағы баянды болады.

Баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі ұлықталатын қастерлі мерекемен тағы да құттықтай отырып, елімізге тыныштық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін.

Құрметпен,
Қызылорда қаласының әкімі​​​ Асылбек Шаменов

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<