Қала әкімі жастармен кездесті

408

0

Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов және қалалық мәслихат депутаты Ділмұхамед Абызов «QOSYL» қалалық жастар ресурстық орталығына барып, орталық жұмысымен танысып, жастармен кездесті.

Оның қызметі көптеген маңызды бағытты қамтып, келушілердің жан-жақты дамуына ықпал етеді. Жастарды жұмысқа орналастыру және кәсіптік бағдар беру – орталықтың міндеті. Аймағымыздағы жастар саясатын дамытуға бағытталған «QOSYL» жастар орталығы нақты нәтижеге қол жеткізуде. Атқарып жатқан істері де ауқымды. Қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысып, түрлі бағытта дамып келеді. Орталық қала жастарының әлеуетін көтеруге, олардың шығармашылығын шыңдауға және қолдауға көмек  көрсетуде.

Мекеме директоры Медет Жорабек бастамалармен кеңінен таныстырып, ұсыныс-тілектерін жеткізіп, алдағы жоспарларын бөлісті.

Еркін форматта пікір алмасқан қала әкімі Нұржан Сәбитұлы орталыққа келген жастарды кәсіпкерлікке ынталандырып, жұмысшы мамандықтарды көбірек насихаттау қажет екенін жеткізді. Әрбір бастамашыл істе креативті ұсыныс, жаңа идеялар күтетінін айтты. Тың бастамаларын қолдауға дайын екенін де атап өтті.

Кездесуде қалалық мәслихат депутаты Ділмұхамед Абызов орталық басшысының ұсынысына сәйкес, 30-ға жуық жасты тұрақты жұмыспен қамтуға дайын екенін айтып, бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып қалуға шақырды.  Алдағы уақытта кәсіпкерлерді жұмылдырып, жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған шаралар жүзеге асырыла беретінін де жеткізді.

Айта кету керек, «QOSYL» орталығында  8 маман жұмыс істейді. Жыл басынан бері орталық қызметіне 7125 жас жүгінген, 408 іс-шара өткізілген.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<