Қала базарлары қайта жаңғыртудан өтуде

409

0

Сурет ашық дереккөзден

Бүгінде кәсіпкерлікке ден қойғандардың қатары артуда. Бірі мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдаланып тың идеясымен жаңа кәсіп бастаса, енді бірі дөңгелентіп отырған кәсібін одан әрі ұлғайтуда. 

Қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Мұхтар Жетілгеновтің айтуынша, жыл басынан қалада 34 643 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде 32491-і жұмыс жасап тұр. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 56 жобаға 612,8 млн теңге көзделген.

«Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы қалаға қарасты кент және ауылдық округтерден 130,3 млн теңгені құрайтын 24 жобаны қаржыландырған. Микроқаржы ұйымы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамытуға бағытталған жобаларға да қолдау білдіреді. Соның нәтижесінде 18 жоба қолдау тауып, оның 7-не қаражат берілген.

Күн сайын көркейіп келетін шаһарда 2693 сауда орны бар  11 базар жұмыс жасайды. Оның ішінде «Жаңа базар», «Сұлтан», «Сыбаға», «Қанат», «Талғат» секілді әмбебап және «Сәулет», «Гүлдана», «Ақтөре», «Сығанақ», «Бұлан» мамандандырылған сауда базары бар. 

Расын айту керек, шаһардың қақ ортасындағы базарлардың қазіргі жайы талапқа сай емес. Жолдың тарлығы мен көліктердің көптігінен кептеліс көбейіп, адамдардың жүріп-тұруына біраз кедергі еді. Енді бұл олқылықтарды түзету де қолға алынып, бір ізге түспек. ҚР Сауда және интеграция министрінің 2023 жылғы 30 наурыздағы «Сауда базарларын жаңғырту жол картасына» сәйкес базарларды жаңғыртып, заманауи сауда форматына көшіру жұмыстары қаламызда да  жүргізілуде. Ол 2025 жылдың желтоқсан айына дейін жоспарланған. Демек, сатушыға да, тұтынушыға да қолайлы жағдай жасалып, сауда мәдениеті жақсарып, өңірдің экономикасына ықпал етеді деген сөз.

Жаңғырту жұмыстары аясында «Қанат» базары толық модернизациядан өткен. «Асбол» сауда базары екінші деңгейлі банкке несиелендіруге құжаттарын өткізген, егер мақұлданған жағдайда құрылыс жұмысын бастауға әзір.

«Сыбаға» базарын жаңғыртуға жұмыс жобасы әзірленіп, эскиздік жобасы бекітілді. «Сұлтан-2» сауда базары осы жылдың сәуір айынан бастап құрылыс-монтаж жұмыстарына рұқсат алып, мердігер «СК Монтаж Строй» ЖШС-мен келісім-шартқа отырды. Құрылыс жұмыстары жалғасуда. Жеңілдетілген несие алуға екінші деңгейлі банктерге («Банк Центр Кредит» АҚ, «Береке банк» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ) құжат тапсырылып, банк жауабы күтілуде.

«Талғат» базарының тиісті құжаттары әзірленіп, архитектуралық жобалық тапсырмасы және эскиздік жобасы дайындалу үстінде. Базар басшылығы құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін қаражат көздерін қарастыруда. Төрт сауда базарын жаңғырту жұмыстарына 9,6 млрд теңге қаражат қажет.

Базар демекші, қалада өнеркәсіп және өңдеу өнеркәсібі саласында да ілгерілеу байқалады. Жыл басынан бері өнеркәсіп өндірісінің көлемі 400,4 млрд теңгені құрап, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 56,4 млрд теңгеге жетті. Биыл өңдеу құны 7,7 млрд теңге құрайтын 2 жобаны іске қосу жоспарланған. Бүгінде,  «Orda Glass LTD» ЖШС-ның энергия үнемдейтін шыны өндірісі жобасы іске қосылды.  Жыл соңына дейін асфальт-бетон зауыты жұмысын бастайды.

Инвестиция тартуда көзделген жоспардың межесі 273,8 млрд теңгені құраса, оның 61,1 пайызы орындалған. Биыл Жалпыұлттық пул аясында 26 млрд теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Бүгінде 3 жоба іске қосылса, қалған 3-уі жыл соңында жүзеге асырылады.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<