Сенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен аудандардың даму жоспарын қарау жөніндегі кеңесте Қызылорда қаласында атқарылатын жұмыстар талқыланды.
– Өткен жылы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша Қызылорда қаласының өсу динамикасы тұрақты деңгейде сақталды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 108,7% орындалып, 232,9 млрд теңгені құрады. Бюджет 98,5% игерілді. Қаланың өз кірісі 2022 жылы 16,7 млрд теңге болса, 2023 жылы 6,7 млрд теңгеге өсті. Біз облыс орталығының дамуына басымдық берудеміз. 2022 жылдың басында қала бюджеті 51,6 млрд теңге болса, екі жылда бас шаһарымызға бөлінген қаржыны екі есе өсірдік. Өткен жылды Қызылорда қаласы 95,1 млрд теңгемен қорытындылады, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Кеңесте қала әкімі Серік Қожаниязов биыл салынатын нысандар туралы айтып, халыққа қажетті жаңа жобаларды ұсынды.
Биыл Қызылорда қаласының бекітілген бюджетінде жалпы құны 23,6 млрд теңгені құрайтын 78 жобаға қаржы бөлінді. 78 жобаның 52-сін толық аяқтауға 15,1 млрд теңге, 21 өтпелі жобаға 6 млрд 757,6 млн теңге қаралған. Сол жағалаудан облигация арқылы 7 қабатты 6 тұрғын үй және 200 пәтер сатып алуға қажетті қаражат бөлінуде.
Жол, көпір, Яссауи, Көшербаев көшелерін қайта жаңғырту, Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздік даңғылына дейінгі көше құрылысы, Тәуелсіздік даңғылынан «Қызылжарма» каналы арқылы автожол көпірін салу жоспарлануда.
Кеңесте биологиялық тазарту станциясына және «Бәйтерек» тұрғын ауданын газбен, сумен жабдықтауға қаржы сұралды.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен облыс орталығында жалпы құны 5,8 млрд теңгені құрайтын 11 жоба республикалық бюджетке ұсынылып, бүгінде оларды бастауға 647 млн теңге бөлінді. Жобаларды аяқтау үшін республикалық бюджетке 4,6 млрд теңгеге өтінім ұсынылды. Облыстық бюджеттен қаржыландыруға 586,7 млн теңге қаржы қажет. Оған Қызылорда қаласына қарасты елді мекендердің инженерлік инфрақұрылым желілері жаңартылып, жол салынбақ.
Сонымен қатар, облыстық бюджетті нақтылау барысында бөлінген қаржыға бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылады.
Шаһар басшысының айтуынша, биыл облыс орталығында 78 жоба іске асырылмақ. Оған қоса, құны 24 млрд 361,2 млн теңгені құрайтын 55 жаңа жоба әзірленді. Оның ішінде жарықтандыру, тұрғын үй құрылысы, абаттандыру, жол құрылысы, көшелерді қайта жаңғырту, спорт алаңдарының құрылысы, ауызсу және кәріз желілері, газбен жабдықтау, электр желілері бойынша жобалар бар.
Баяндама соңында Серік Қожаниязов бірқатар жобаларға қолдау көрсетуді сұрады. Атап айтқанда, Сырдария өзенінің сол жағалауында коммерциялық үй-жайлары бар 5 қабатты 10 тұрғын үй және 7 қабатты 6 тұрғын үй, электрмен жабдықтау желілері, «Жайлы мектептердің» («Арай», «СПМК», сол жағалау, әл Фараби, «Бәйтерек») жан-жағын асфальттау, «Бәйтерек» тұрғын ауданын газдандыру, электр және ауызсу жүйелерін жүргізу жобасы бар. Кварталішілік газ құбырлары желісін салу, Жаппасбай батыр көшесін, «Қызылорда-Құмкөл» трассасын қайта жаңғырту, «Сабалақ» саяжайына газ құбырын тарту жобаларының да тұрғындар үшін маңызы зор. Аталған жобалардың жалпы құны 15 млрд 293 млн теңгені құрайды.
Кеңес отырысында облыстық басқарма басшылары қала әкімі ұсынған жобалардың тұрғындар үшін тиімділігін, қажеттілігін сараптады. Жобалар жұртшылықтың өмір сүру сапасына оң әсерін тигізуі тиіс.
Жиын соңында аймақ басшысы қоғамдық-саяси ахуалды зерделеу қорытындысына тоқталды. Қала әкіміне жол қозғалысы қауіпсіздігі мен қоғамдық көлік жұмысын реттеу, экологиялық жағдайды жақсарту, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету тапсырылды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<