Қала көшелері көріктеніп келеді

631

0

Биыл қаланың біршама көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайта жаңғыртылды. Нәтижесінде жол кеңейіп, көлік қозғалысы реттелді.  Көшелер  көркейіп, бұл бағыттағы  жұмыстар әлі де жалғасуда.  Осы орайда қала әкімі Нұржан Ахатов шаһарда атқарылып жатқан жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстарының барысын көрді.

Қала көшелеріне  орташа жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстары, жол және көпір құрылысы жүргізілуде. Жол жөндеу жұмыстары қалаға қарасты ауылдарда да қарқын алған. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында тиісті қаражат бөлінген.

– Бүгінде әуежай жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Шиелі ауданынан қалаға кіреберіс көпірден  аспалы көпірге дейінгі аралық кеңейтілуде. Қожа Ахмет Яссауи және Тәуелсіздіктің 25 жылдығы көшелері қайта жаңғыртылуда.  Яссауи көшесі жақын күндері ел игілігіне беріледі, – деді қала әкімі.

Жақында  магистральді  көшелердің бірі – Жаппасбай батыр көшесі жаңғыртылып, екі жолақтыдан төрт жолақтыға ауыстырылды. Н.Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылына дейінгі аралыққа  жаңа жол салынып, халық тиімділігін көруде. Е.Көшербаев көшесіне де қаржы қаралып, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ  Қорқыт ата көшесі де кеңейтілуде. Осылайша, қаладағы ең маңызды көшелер жөнделіп, аумағы кеңейтіліп, көлік ағыны реттелді.

Бұдан бөлек, алдағы уақытта ұзындығы 9,6 шақырымдық  «Қызылорда -Жезқазған» бағытының қалаішілік автомобиль жолына  жөндеу жұмысы жүргізілмек.

Қала әкімі жол жөндеу жұмыстарын  көріп шығып, бұл бағыттағы шаруаның бақылауда болатынын жеткізді.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<