Қала күні мерекесі тойланады

438

0

Биыл Сыр елінің бас шаһарының іргесі қаланғанына 206 жыл толып отыр. Мерекеге орай Қызылордада ауқымды шаралар өткізіледі. Мерекені атап өту және ұйымдастыру туралы қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы  Жағыпар Тәжмаханов айтып берді.

− Бұл қызылордалықтар асыға күтетін мерекелердің біріне айналды. Осы орайда қыркүйектің 17-нен 12 қазанға дейін арнайы бекітілген жоспар бойынша түрлі деңгейдегі мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылады. Тақырыптық сүйемелдеу, қала қонақтары мен тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында көшелер безендіріліп, фотозоналар қойылады, − деді бөлім басшысы.

Ашылу салтанаты 17 қыркүйек  күні А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өтеді. «Жастар театрының» «Неге, жаным, шығарып сала алмадың?» атты лирикалық драмасы ұсынылады.

Мерекелік шаралар легі поэтикалық дуэль, жастар кеші, дәстүрлі кітап көрмесі, республикалық ақындар айтысы, жас суретшілер байқауы, вокалды-аспапты ансамбльдердің дәстүрлі фестивалі, тазалық акциялары, облыстық фотографтар байқауы, түрлі спорттық және интеллектуалдық сайыстар, отбасылық квиздер, зағип және нашар көретін азаматтар арасындағы республикалық өнер байқауы, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, ат бәйгесі, театрландырылған қойылыммен толығып, гала-концертпен қорытындыланады.

Мерекелік іс-шаралардың өтетін уақыты мен орны қала әкімдігінің ресми парақшаларында жарияланып тұрады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<