Сейсенбіде облыстық мәслихаттың кезектен тыс үшінші сессиясы болды. Оған облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамовтың жүргізуімен өткен сессияда сегіз мәселе қаралды.
Олардың қатарында облыс әкімі жанындағы терроризмге қарсы комиссияның құрамын бекіту, облыстық сайлау комиссиясының құрамын сайлау, облыстық мәслихатта депутаттық топ құру, облыстық тексеру комиссиясының мүшесі лауазымына тағайындау туралы мәселелер бар. Сондай-ақ, облыстық мәслихаттың кейбір шешімдерінің күшін жою, облыстағы елді мекендердің жасыл екпелерін жасау секілді мәселелер қаралды.
Сессия отырысында депутаттар көтерілген мәселелер бойынша ой-пікірін білдіріп, ұсынысын жеткізді. Мәселен, елді мекендердің жасыл екпелерін жасау тақырыбында әлі де жетілдіретін тұстары бар. Елді мекендерді жасыл желекпен қамтуда кемшін түсіп тұрған жағдайлар кездеседі. Сондықтан оларды аяқсумен қамтамасыз ету мәселесіне көңіл бөлген артық емес. Осыған байланысты бұл алдағы сессияда кеңінен талқыланып, оған қатысты тиісті шешім қабылданады.
Сессия соңында депутаттар ұсыныстарды қолдап, шешім жобасын бірауыздан бекітті.
Бұдан кейін депутаттар облыстық мемлекеттік кірістер департаменті жанындағы алаңда «Қызылорда тазалығы» мекемесіне алынған жаңа техникалармен танысты.
– Қазір қала тазалығы – күрделі мәселенің бірі. Сол мақсатта берілген ұсыныстар облыстық мәслихатта қаралып, оған тиісті қаржы бөлінді. Бұл қаржыға қажетті техникалар алынды. Сондай-ақ, қала тазалығына жауапты мекеме тарапынан қоқыс төгетін полигонда тұрмыстық қалдықтарға арналған орын қазуға ұсыныс айтылды. Алдағы уақытта бұл мәселені талқылайтын боламыз, – деді облыстық мәслихат депутаты Қайрат Боранбаев.
«Қызылорда тазалығы» ЖШС директоры Бауыржан Әбдіғаппарұлының айтуынша, былтыр қаралған 525 млн теңгеге 11, үнемделген қаржы есебінен тағы 2 техника алынған. Биыл 742 млн теңгеге 20 техника алу жоспарланған. Қазірге дейін 13-і жеткізілсе, қалғаны маусым айының ортасына дейін келеді.
«Қазір мекемеге тиесілі аумақтар саны артты. Өткен жылдарға дейін олардың саны 250 көшені шамаласа, бүгінде біршама көбейіп отыр. Сондықтан қажетті техника санын толықтыру күн тәртібінен түспейді», – дейді ол.
«СБ» ақпарат





