Өткен сенбіде «Тағзым» алаңында Қызылорда қаласы тауарөндірушілерінің, «Байқоңыр ӘКК» АҚ-ның қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңке қала тұрғындарын әлеуметтік жағынан қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Оған қалаға қарасты ауылдық округтерден келген кәсіпкерлер мен тауарөндірушілер қатысты. Олар шаһар тұрғындарының сұранысына ие 40-тан астам өнімдерді қолжетімді бағада ұсынды. Атап айтқанда, ет, балық, жемістер мен көкөністер, сондай-ақ бақша өнімдері бар.
Ауылдың құрт-майын, қауын-қарбызын молынан алуды көздеген жұртшылық демалысқа қарамастан таңертеңнен бастап ағылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, тұрғындар жәрмеңке басталмай-ақ жиналған.
– Жалпы 75 автокөлікпен 176 тонна азық-түлік тауарлары жеткізіліп, базар нарығынан 15-20 пайызға арзан сатылды. Қала тұрғындары өзіне қажетті азық-түлікті қолайлы бағада алды, – деді қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Нұрбек Әзірбек.
– Біз мұндай жәрмеңкені асыға күтеміз. Себебі, өнімдер нарықтан әлдеқайда арзан. Бұл – әлеуметтік тұрғыда үлкен көмек. Негізінен тұрғындарға қажетті осындай жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылып тұрғаны жақсы. Әсіресе қыс мезгілі қарсаңында сақтауға болатын қажетті өнімдерді осы жерден табамыз, – деді қала тұрғыны Индира Әділқызы.
Ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесінің жиі ұйымдастырылуы қала тұрғындарының қысқа қамдануына сеп болады. Сондай-ақ аймақтағы азық-түлік бағасының тұрақтануына да ықпал етеді.
– Бағалар көңілге қонымды. Базардағы бағамен салыстырғанда арзанға шығады. Қазір қысқа қамданып жатырмыз. Ет, сүт, жеміс-жидек пен көкөніс және бал алдым. Қысқа қажетті өнімдерді молынан алып қоямын. Өйткені, қыста базар бағасы шарықтайды. Сол үшін қазірден бастап дайындаламыз, – деді қала тұрғыны Алтынай Ерғалиева.
Жауапты сала мамандарының айтуынша, аталған жәрмеңке жыл баынан бері 5 мәрте өткізілген. Жыл аяғына дейін 10 рет өткізу жоспарда бар.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<