Қаламгер атындағы байқау қорытындыланды

63

0

Журналист, қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Қалқабай Әбенов атындағы «Туған жер – тұғырым» атты дәстүрлі шығармашылық байқау қорытындыланды. Жүлдегерлерді марапаттау шарасы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада өтті.

Облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Қуат Шарабидинов байқаудың биылғы ерекшелігі – «Сыр бойы» газетінің 95 жылдығымен сабақтастығы екенін атап өтті.

– Алаш қайраткерлерімен мұраттас тұлғалардан тамыр алатын аймағымыздың ата басылымы – «Сыр бойы» газетінің тарихында ұзақ жыл редакторлық еткен қаламгер-қайраткер Қалқабай Әбеновтің есімі үлкен құрметке ие. Ол бүгінгі «Сыр бойы», кешегі «Ленин жолы» газетін 1968-1985 жылдар аралығында басқарды. Осы жылдары газетте мамандықтың қиындығын да, қызығын да көріп, соғыс жылдары, одан кейінгі ауыр кезеңдерде тер төккен, жазу өнерінің қыр-сырын әбден меңгерген қаламы жүйрік журналистер еңбек етті, – деді ол.

Қ.Әбенов газеттің ғасырға жуық тарихында ең ұзақ уақыт басшылық жасаған адам ретінде есте қалды. Елдің дамуына қосқан үлесі үшін Кеңес одағының жоғары марапаттары – «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендерімен марапатталды. Қ.Шарабидинов Сыр баспасөзіндегі 1960-1980 жылдарды зерттеушілер кемелдену кезеңі, дәуірлеу жылдары деп бағалайтынын атап өтті. Сол жылдары газет тиражы 60 мың данаға жеткен.

Шығармашылық байқаудың мақсаты – дарынды қаламгер есімін жұрт жадында жаңғырту. Оны ұйымдастырушы әрі демеуші – қаламгердің ұлы Қанат Әбенов жетекшілік ететін «Сыр журналистикасы» қоғамдық қоры, «Сыр бойы» газеті. Салтанатты жиында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Қаюпов алдағы уақытта байқаудың ауқымы кеңейіп, мазмұны толыға түсетінін жеткізді.

– Қалқабай Әбеновтің қаламгерлік қыры, ұйымдастыру шеберлігі жайында әлі талай туынды жарық көретініне сенімдімін. Байқаудың ауқымын арттыру мақсатында қоғамдық-саяси маңызды шаралар тізіміне енгізіп, жоғары деңгейде өтуіне күш саламыз, – деді ол.

Тағылымды басқосуда қазақ журналистикасына еңбек сіңірген ардагерлер, Қ.Әбеновпен қанаттас-қызметтес болған әріптестері қатысып, оның қазақ баспасөзін өркендету жолындағы еңбегі, адамгершілік қыры туралы естеліктер айтты.

Байқау бастапқы жылдары жас журналистер арасында ғана ұйымдастырылса, кейінгі екі-үш жылдан бері оған барлық буындағы қаламгерлер қатысуға мүмкіндік алды. Одан бөлек қамтылатын жанр ауқымы да кеңейді. Ұсынылған материалдар арасынан ынталандыру сыйлығына ие болғандарды қор мүшесі Қожахмет Нұрмаханұлы марапаттады. Олардың қатарында Егемберді Күнқожаев, Мұрат Насимов, Нұрсұлтан Мықтыбаев, Әнеу Әуезовтер бар. Ал ІІІ орын Кенжалы Ерімбетов пен Дәуіржан Елубаевқа берілді. ІІ орын Қайырбек Мырзахметұлына табыс етілсе, І орынға Назерке Саниязова лайық деп танылды. Марапат иелеріне Руслан Қаюпов арнайы сертификат, статуэтка табыс етті.

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<