Қаламгер құрмет төрінде

1404

0

А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде жазушы Бегімбай Ұзақбаевтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Қаламы қуатты қаламгер» атты кездесу кеші өтті. Б.Ұзақбаев – Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Жалаңтөс баһадүр атындағы республикалық қор төрағасының орынбасары, Арал және Қазалы аудандарының Құрметті азаматы.

Оның қаламынан «Қарабура», «Сопы Әзиз пір», «Марал баба», «Сартай батыр», «Байқазақ», «Алдаспандар рухы» атты тарихи романдар туған. «Тағдыр», «Сырлы сезім», «Бұтақтан өрген бәйтерек», «Шырағың сөнбесін», «Сырымды саған айтам», «Қилы заман-ай», «Шығар күннің шуағы» атты повестері мен әңгімелер жинақтары жарық көрген.

Бұл күндері зейнет жасындағы қаламгер қаламын қолынан тастаған жоқ. Тастамайды да. Журналист-жазушы исі қазаққа танымал Тұмар ханым, Бақтыбай батыр сияқты тарихи кейіпкерлерін сырлы сөзбен сомдау үстінде. Осыдан үш жыл бұрын бес томдық шығармалары жарық көрген жазушының тарихи романдары Алматыдағы Абай атындағы университет қабырғасында оқытылып жатыр.

Бұрынғы Одақ тұсында КСРО Министрлер Кеңесінің Қызылорда облысы бойынша дін істері жөніндегі уәкілі қызметін атқарған Б.Ұзақбаевтың «Мектеп» баспасынан 4 баспа табақтық «Дін және жастар» кітабы, бұған қоса діни экстремизм, террористік қауіптің алдын алу мәселелері туралы мазмұнды мақалалары жинақтарда, газеттерде жарық көрген еді.

Қайбір жылдары құқық қорғау тақырыбын қаузаған «Тағдыр» атты хикаяты республикалық жабық конкурста жүлделі бірінші орынды иеленген қаламгердің қаламы қолында, қағазы алдында. Келер күндерге үкілі үмітін артады. Бұған қоса ол – үлгілі отбасының ақ сақалды қариясы.

Жазушы көптеген прозалық кітап пен әдеби-көркем және деректі повестер, әңгімелер мен хикаяттар, ертегі жазған. Аудармашылықпен де айналысып, балалар жазушысы И.Акимушкиннің әңгімелерін қазақша сөйлетіп, бүлдіршіндерге тарту еткен. Республикалық және облыстық тақырыптық байқауларға қатысып, бірнеше рет очерктері мен повестері жеңімпаз атанған.

Қаратерең ауылынан шығып, қазақ әдебиетінің тереңіне бойлаған жазушыны облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Тілеуімбетов және тағы басқа Сыр елінің зиялы қауым өкілдері мен құрметті қонақтар құттықтады.

Кеште «Жалаңтөс баһадүр» спектаклінен үзіндіні Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының артистері орындап, Сыр елінің өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашты.

А.ӘДІЛЖАНҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<