Қызылорда қаласының төрінде қайта жаңарып, ажары айшықталған «Қаламгерлер аллеясында» БАҚ өкілдерінің мерейлі мерекесіне арналған «Ұшқыр қалам – 2023» салтанатты шарасы өтті. Онда қала әкімі Асылбек Шәменов журналистерді төл мейрамымен құттықтады.
– Бұл аллея – қалам ұстаған шығармашылық қауымына көрсетілетін шексіз құрметтердің бір парасы ғана. Өйткені қалам ұшындағы құдіретті жүрегімен түйсінген сіздердің әрбіріңіз қандай сый-мәртебеге болса да лайықтысыздар.
Бүгінде ақпарат құралдарының ықпалымен әлемнің келбеті өзгерді. Бұл ретте, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев рухани астанамыз – Түркістан төрінде өткен Ұлттық құрылтайда «Масс-медиа – елімізді жаңғырту ісіне ерекше ықпал ететін сала. Сондай-ақ, билік пен қоғам арасындағы пәрменді байланыс құралы. Ақпарат құралдарында түрлі көзқарастар тоғысады. Оны қоғам тынысының барометрі деуге болады» деді.
Қазір бұқаралық ақпарат құралдарындағы дәстүрлі ақпарат тарату үлгісіне де көптеген өзгерістер енді. Сыр бойы журналистикасы да цифрлы технологиялар кезеңіне тез бейімделіп, жаңа медианың ағымына ілесті. Қос телеарнамыз бен мерзімді басылымдарымыз сапалы контентті, уақыт шежіресін, таңдамалы тақырыптарды кәсіби шеберлікпен жеткізіп, қоғамдық сананы қалыптастыруда жүйелі жұмыстар атқаруда. Әрине, журналистикадағы мықтылық ашықтық, баламалы пікір, жылдамдық әрі дәлдікпен өлшенеді десек, сіздердің тынымсыз кәсіптеріңізге деген адалдықтарыңыз әркез үстем тұрады,– деді қала әкімі.
Шарада қаланың тыныс-тіршілігін, өзекті мәселелері мен жарқын жетістіктерін ақпараттандырып, халық пен билік арасында алтын көпір болған бірқатар сала үздіктеріне қала әкімінің арнайы алғыс хаты мен естелік сыйлықтары табысталды. Сондай-ақ, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, белгілі ақын, тележурналист Қаршыға Есімсейітоваға «Құрмет» грамотасы табысталды. ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «Қызылорда қоғамдық телеарнасының» құрылтайшысы, Қызылорда облысының құрметті азаматы Шәкизада Әбдікәрімов қаламдастарын мерекемен құттықтап, алғаусыз пейілін білдірсе, қаламы қарымды жазушы-журналист, Алашқа белгілі ақын Дүйсенбек Аяшұлы жүрекжарды жырын оқып, көпшілік құрметіне бөленді.
Қазақ әдебиетінің үш алыбы ескерткішінің жанына жиылған қаламгерлер емен-жарқын әңгімелесіп, табиғат аясына жайылған ақ дастарханнан дәм ауыз тиді. Осы күні ардагер журналистер арасында бильярдтан турнир өтті. Тартысты өткен турнир нәтижесінде 1 орынды «Қызылорда» телеарнасынан Жалғас Әлібеков жеңіп алса, 2 орын «Сыр бойы» газетінің компьютер бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Оразбаевқа бұйырды. Ал үшінші орынды ақын Дүйсенбек Аяшұлы мен «Qogam TV» телеарнасынан Сәдуақас Ізімбаев өзара бөлісті.
Әлемге танымал спорт түрінің бірі боулингтен журналист қыздар арасында бәсеке ұйымдастырылып, «Қызылорда» телеарнасының командасы 1 орынға лайық екенін дәлелдеді. Одан кейінгі орынды «Qogam TV» телеарнасының қыздары еншіледі. Ал «сыр медиалық» арулар мен «Меншікті тілшілер» командасы 3 орынды қанағат тұтты.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер қала әкімінің алғыс хатымен және арнайы естелік сыйлықтарымен марапатталды.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<