Қаланың дамуы өңірдің өрлеуін айқындайды

932

0

Қаланың дамуын тілге тиек еткенде үлкен өзгерістер ойға оралады. Пандемияға қарамастан облыс орталығында құрылыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. Экономиканың қай саласында да өрлеу бар. Әлеуметтік жүйеде де ізге түскен еңбек түлегенін көрсетіп отыр. Күн тәртібінде келе жатқан тұрғындардың өзекті мәселелері тек сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде бақылауға алынып, кезең-кезеңімен шешімін табуда. Нәтиже айтарлықтай. Қаладағы 408 көшенің жөндеуден өткені, апаттық үйде тұрған отбасылардың баспанамен қамтылуы, балаларға арналған ойын алаңдарының көптеп салынуы соған дәлел. Мұның барлығы Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың онлайн есепті кездесуінде қамтылды. Шараға облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова желі арқылы қосылып, атқарылған жұмыс пен алдағы жоспарлар жайымен танысты.

Мәліметке сүйенсек, өткен жылдың басында қала бюджеті 69 млрд теңге көлемінде бекі­тілген. Жыл қорытындысымен 94 млрд теңгеге жетіп отыр. Өнер­кәсіп өнімдерінің көлемі – 480 млрд теңге, осыған қарап негізгі капиталға салынған инвести­ция­ның артқанын байқауға болады.

– Кәсіпкерлерді қолдау – көр­кеюді қолдау. Бұл салада маңызды бастамалар жүзеге асуда. Бүгінде облыста нақты жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілері бойынша Қызылорда қаласының үлесі 48 процентке жетті. «Индус­триялық-инновациялық дамытудың 2020-2025» бағдарламасы аясында қалада жалпы құны  67 млрд 600 млн теңгені құрайтын 8 жоба іске асуда. Олар толық іске қосылғанда 1000-нан астам қызылордалық жұмыспен қамтылатын болады. «Бизнестің жол картасы» негізін­де жалпы құны 6 млрд 500 млн теңгені құрайтын 161 жоба қар­жыландырылып, 30 тұрғын 57 млн теңгеге қайтарымсыз мемлекеттік грант алды. Ел қуатты болмай, бақ тұрақты болмайды. «Қарапайым заттар экономикасын дамыту», «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті да­мыту» бағдарламалары бойынша да қарқын бар. Халықтың әл-ауқатын арттырып, экономиканы дамытуға бағытталған шаралар алдағы уақытта да жалғасады, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі ерекше атап өтілді. Бұл ретте жыл көлемінде мыңнан аса қызылордалықтың баспана бақытына кенелгені айтылды. Қалада кейінгі жылдары жаңадан тұрғын аудандар бой көтеріп, 194 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген. Бүгінде 38 үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, Сырдария өзенінің сол жағалауынан апаттық үйлер­де тұратын отбасылар үшін 50 пәтерлік  тұрғын үй құрылысын жүргізуге қаржы қаралды. Қаланың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту да бас­ты назарда. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында өткен жылы 2 млрд 35 млн теңгеге 37 көпқабатты тұрғын үй қайта жаңғыртудан өткен.

– Жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда жаңа жобалар жүзеге асты. Республикалық және жер­гілікті бюджеттен бөлінген қар­жыға 408 көшеге ағымдағы, ор­таша және күрделі жөндеу жұ­мыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, Ғ.Мұратбаев көшесіндегі көпір мен «Батыс ­Еуропа-Батыс Қытай» күре жолын жалғайтын ұзындығы 5 шақырымға созылған жол құ­рылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Аталған магистральді автодәлізбен қосуға 640 млн теңгеге «Шіркейлі» каналы ар­қылы өтетін көпір салынып, қа­зіргі таңда ел игілігіне қызмет жасауда. 70 дана жаңа аялдама орнатылды, 68 көшеге тротуар салынды, – деді қала әкімі.

Бұқаралық спортты дамытудың алғышарттарының бірі – спорттық ғимараттарға қолжетімділік. Бұл тұрғыда қалада өткен жылы Бір­қазан елді мекені, Ақсуат, Ақжарма, Қосшыңырау ауылдық округтерінде дене шынықтыру алаңдарына спорттық алаңдар салынып, пайдалануға берілген.  «Жұмыспен қамтудың Жол кар­тасы» аясында 4 облыстық спорт мектебі жөндеуден өтіп, «Ло­ко­мотив» стадионының фут­бол алаңына қайта жаңғырту жұмыс­тары мен байдарка есу базасының құрылысы жүргізілді. Ең бастысы, көппәтерлі тұрғын үй аулаларына 3 стритбол және 45 ойын алаңы салынған. Бұл шаралар бұқаралық спортқа деген бетбұрысты күшей­тіп, сергек жандардың қатарын көбейтері анық.

Алдағы жоспар да айқын. Биыл көгалдағы хоккей алаңы, Тасбөгет кентінде денешынықтыру-сауық­тыру кешендері салынады. Әлеу­меттік қызметтер көрсету орта­лығы, полиция бөлімшесінің әкім­шілік ғимараты қайта жаңғыртудан өтеді. Қосшыңырау, Талсуат ауыл­дық округтерінің инженерлік инфрақұрылымын дамыту да на­зарда. Қала әкімі Ғ.Мұратбаев-Бейбарыс сұлтан көшелерінде ор­наласқан көпірлер аралығында 2 шақырымды құрайтын сол жаға­лаудағы магистраль жалғасы­ның құрылысы басталып, жыл аяғына дейін пайдалануға берілетінін ха­барлады.

– Бейбарыс сұлтан көшесіндегі көпірден Эдельвейс саяжайы ар­қылы Тұңғыш Президент саябағына дейінгі аралықты қамтитын жолды салуға 395 млн теңге бөлініп, жұмыс жуық арада басталады. Тәуелсіздік даңғылының жалғасы саналатын 95 процент жұмыстары біткен Қызылжарма каналына де­йінгі магистральді аяқтауға 294 млн теңге бөлінді. Бұл жол сәуір айында пайдалануға беріледі. Сонымен қатар облыстық «Жастар ресурстық орталығынан» бастау алатын жалпы ұзындығы 3,4 ша­қырымды құрайтын жолды Шір­кейлі каналына баратын негізгі көшемен байланыстыруға  облыс­тық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлініп, құрылысы осы жылы аяқталады. Сол жағалаудағы бас көше мен «Батыс Еуропа-Ба­тыс Қытай» автодәлізін байла­ныс­тыратын құны 4 млрд 274 млн теңге болатын көлік айры­ғының құрылысын  «Базис» кор­порациясы бастады, – деп сабақ­тады қала әкімі.

Сондай-ақ, әлемді шарпыған пандемия кезінде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған барлық қала тұрғындарына, дәрігерлерге, жомарт жүректі азаматтарға, кә­сіпкерлерге қала әкімдігі атынан шынайы ризашылығын білдірді.

Есепті жиын тікелей эфирден көрсетілді, мұнда тұрғындардың сауалы ескерусіз қалмады. Ер­кін форматта өткен онлайн кез­де­суде жан-жақты, ашық пікір­лер қамтылды. Мәселен, Зәуре Өмірзақова есімді Титов қыста­ғының тұрғыны көшені жарық­тан­дыруға қатысты, «Шанхай» ша­ғын ауданының тұрғыны Кен­жегүл Махамбетова Ғарышкер кө­ше­сінің жөндеуден өтуіне қа­тысты ұсынысын айтты. «Бәй­терек» шағын ауданының тұр­ғыны, көпбалалы ана Гүлзира Сүлейменова ерекше қажеттілігі бар балаларға бала­бақша ашу мәселесін қозғады. Қала әкімі барлық қойылған сауал мен көтерілген мәселелердің на­зардан тыс қалмайтынын жеткізді.

Кездесуді облыс әкімі ­Гүлшара ­Әбдіқалықова қорытындылап, ау­қымды істерге оң баға берді.

Мөлдір СНАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<