Қалдыққа арналған контейнерлерге қатысты жаңа талаптар енгізілді

656

0

1 шілдеде Қазақстанда «Қалдықтар. Коммуналдық қалдықтарды бөлек жинауды ұйымдастыру үшін контейнер орналастыру алаңдарына қойылатын жалпы талаптар» ұлттық стандарты қолданысқа енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қазақстан стандарттау және метрология институтына сілтеме жасап.

ҚазСтандартпен бірлесіп, 102 стандарттау жөніндегі техникалық комитет қалдықтарды басқару саласын дамытуда және қалдықтарды кәдеге жарату мен қайта өңдеу үшін экологиялық қауіпсіз инфрақұрылым құруда маңызды қадам болатын осы стандартты әзірледі.

Жаңа стандарттың негізгі талаптары – елді мекендерде ғимараттардың, көппәтерлі және жеке тұрғын үйлердің жанында контейнер алаңдарын салу (реконструкциялау), сондай-ақ тұрғын және қоғамдық ғимараттардан, балалар объектілерінен, спорт алаңдарынан және халықтың демалатын орындарынан санитариялық алшақтықты қамтамасыз ету. Бұдан басқа, мамандандырылған көлік үшін ыңғайлы асфальтталған кіреберіс, құрылыс және ірі габаритті қалдықтар үшін жабыны мен қоршауы бар ауданы 12 шаршы метрден кем емес орындарды құру көзделеді
, – деп мәлім етілген ҚазСтандарт хабарламасында.

Жаңа стандартқа сәйкес, құрылған алаңдарда қалдықтардың мынадай түрлерін бөлек жинауға арналған контейнерлер орналастырылуға тиіс:

  • электронды қалдықтарға арналған контейнер
  • құрамында сынабы бар қалдықтарды жинауға арналған контейнер
  • қағаз және картон қалдықтарына арналған контейнер
  • батарея қалдықтарына арналған контейнер
  • тамақ қалдықтарына арналған контейнер
  • шыныға арналған контейнер
  • пластикалық қалдықтарға арналған контейнер.

Қалдықтарды бөлек жинауға арналған әрбір контейнердің меншік иесі қазақ және орыс тілдерінде, мынадай ақпаратты таңбалауы қажет: жиналатын қалдықтардың түрлері көрсетілген ақпараттық жапсырма/жазба; контейнер меншік иесі туралы деректер (атауы, байланыс деректері); контейнерге қызмет көрсететін ұйым туралы ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<