ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысында еліміздің өңірлеріндегі экологиялық ахуалды жақсарту және жаңартылатын энергия көздерін дамыту мәселелері қаралды.
Кәсіпорындарға ең үздік қолжетімді технологияларды енгізуді ынталандыру арқылы 2050 жылға қарай өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесін 60%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын қалпына келтіру және жаңадан салу бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.
Жаңартылған тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде атмосфераға ластаушы заттар шығаруды азайту, атап айтқанда ЖЭО-ны жаңғырту және газ отынына көшу, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды және өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін түрлерін қорғау, сондай-ақ орман алқабын кеңейту есебінен шаралар қабылданатын болады.
Отырыста жаңартылатын энергия көздерін одан әрі дамыту бойынша жоспарлар мен қабылданып жатқан шаралар барысы талқыланды. Бүгінгі таңда республикада жиынтық қуаты 2525 МВт болатын 132 ЖЭК нысаны жұмыс істеп жатқаны атап өтілді. Жаңа нысандарды іске қосу жоспарлы мерзімінен бұрын жүзеге асып келеді. Жалпы, 2027 жылға қарай тағы 6720 МВт жаңартылатын генерацияны енгізу жоспарланып отыр.
Пияз бен сәбіз қоры қалыптасқан
Үкіметте негізгі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және отандық қант өндірушілерді қолдау шаралары талқыланды. Өткен аптада елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсу индексі орта есеппен нөл деңгейінде қалды.
Отандық қант өндірушілердің өтініштерін назарға алған Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков қазір нарық импорттық арзан өнімдерге қаныққанын, ал отандық қант сұраныс аз болуына байланысты зауыт қоймаларында тұрғанын атап өтті. Қазақстандық өндірушілерді қолдау үшін қанттың ең төменгі көтерме бағасын енгізу мәселесі бірнеше рет қаралды. Алайда бұл шешім жазғы маусымның соңына дейін тоқтатылды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидалары шеңберінде өңірлерді фарвордтық қаржыландыру жұмысының барысы туралы баяндады.
Оның айтуынша, елімізде пияз бен сәбізге ұсынылатын қор көлемі қалыптасқан. Картоп пен қырыққабат бойынша жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Картоп жөнінде келісім-шарт жасау көлемі 5 өңірде, яғни, Атырау (55%), Абай (65%), Ұлытау (74%), Алматы (79%) және Ақмола (92%) облыстарында ұсынылған көлемнен төмен.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі әкімдіктер мен ӘКК-нің қырыққабат бойынша келісім-шарт жасау жұмыстарының әлсіздігін атап өтті. Мәселен, 10 өңірде келісім-шарт көлемі ұсынылған сұраныс көлемінен төмен. Оның ішінде үшеуінде қор 50%-дан аз қалыптасқан. Бұл – Ұлытау (30%), Алматы (45%) облыстары мен Астана (49%) қаласы. Қамтамасыз ету мониторингі көрсеткендей, 8 өңірде ұн бойынша келісім-шарттар іс жүзінде жоқ немесе Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған көлемнің 50%-нан аспайды. Ақтөбе облысында күнбағыс майы мен күрішке келісім-шарт жасалмаған.
«Барлық аймақтар жағдайды түзетуі керек. Жаз – бағаны тұрақтандыру үшін алдағы жылға қор жинайтын бірден-бір қолайлы уақыт. Бір апта ішінде ӘМАТ бағасының индексі нөл пайызды құрады, дегенмен уақытылы жұмыс істегенде дефляция болуы керек еді. Қызылордада өткен күріш жәрмеңкесінің нәтижесінде тек 8 өңірдің әкімдігі күріш сатып алу бойынша меморандумдар жасаған. Олар 1,4 мың тонна күрішке келісім-шарт жасаса, ал ел бойынша шамамен 21 мың тонна қажет. Барлық өңірлер жиында айтылған міндеттердің дер кезінде орындалуын қамтамасыз етуі қажет», — деп түйіндеді сөзін Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<