Қалдықты өңдеу қарқын алды

470

0

Экологиялық қауіпсіздік, орман, су шаруашылығындағы табиғи қордың қолжетімділігі – облыс дамуындағы маңызды көрсеткіштің бірі. Су – тіршіліктің ғана емес, өнеркәсіп түрлері мен табиғат байлығының көзі. Аталған маңызды мәселелерді өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жансұлтанұлы айтқан болатын.

Аймақтың экологиялық жағдайы басқарма қызметіне тікелей қатысты тұрмыстық қалдықтарды басқару мен тығыз байланысты екенін айта кету керек. Сондықтан Президенттің «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес 3 бағытта жұмыс атқарылып келеді. Бірінші бағыт қалдықтардың өңдеу үлесін арттыруға байланысты. Өткен жылы 160 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтың 45 700 тоннасы өңделді.

Екінші бағыт халықты тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау және тасымалдау қызметімен қамтуға арналған. Облыс тұрғындарының 71,5%-ы осы қызметпен қамтамасыз етілген. Мәселен, былтыр 611 арнайы контейнер орнатылды. Соңғысы – экологиялық және санитариялық талапқа сай келетін полигондар санын арттыру. Аталған бағыт бойынша, облыстың 145 елді мекенінде полигон қызметі үшін жалпы көлемі 402 гектар жер учаскесі белгіленген. Бүгінгі күні облыстағы 7 полигон экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкестендірілген. Облыстың 3 ауданында жалпы құны шамамен 2,1 млрд теңгені құрайтын жаңа полигондардың жоба-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданды.

– Бүгінгі күні тауарлы балық өсіру көлемі 426 тоннаға жетсе, 2024 жылы 1000 тонна балық өсіру индикативті көрсеткішін орындау жоспарланып отыр. Балық өсіру шаруашылығын дамыту, 16 аңшылық алқапты бекітіп беру бойынша конкурс өткізіп, биотехникалық іс-шаралар жүргізу – маңызды міндеттің бірі.

Орман қорының санитарлық жағдайын бақылау үшін 376,3 мың гектар жерге орман патологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде. Өртті болдырмау және алдын алу мақсатында жаңадан өрт жолақтарын жүргізу және ескі өрт жолақтарын қалпына келтіру межеленіп отыр. Ең бастысы 2024-2026 жылдары 4 тұрмыстық қатты қалдық полигонын салу, қолданыстағы полигондарды экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкестендіру жоспарымызда бар, – деді ол.

Дина БӨКЕБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<