Қалтқысыз қызметке құрмет

810

0

Қазан айының соңғы жексенбісі – Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні. Бұл – жалғызбасты қарттарға, мүгедек балалардың және басқа да азаматтардың мұң-мұқтажына бейжай қарай алмайтын мейірбан жандардың мерекесі

Əлеуметтік сала – еліміздегі ең өзекті бағыттардың бірі. Қоғамда болып жатқан оқиғалардың дені осы əлеуметтік мəселе төңірегінде туындап жататыны шындық. Бүгінде аймақтың халықты әлеуметтік қорғау жүйесі жетіліп, қызмет көрсету мекемелерінің саны артуда. Мұқтаж жандарға әртүрлі көмек көрсетілуде.

Көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар және өмірдің қиыншылықтарына тап болған өзге де адамдар сала қызметкерлерінің мейірімділік пен қайырымдылық, төзімділік және әрдайым қол ұшын беруге дайын елгезектік сияқты адами қасиеттерінің арқасында өз мүмкіндіктеріне сеніп, қиындықтарды жеңіп келеді.

Облыс бойынша салада 2 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Соның ішінде 479 әлеуметтік қызметкер бар. Олар 2101 мүгедектігі бар балаға және жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге үйден әлеуметтік қызмет көрсетеді. Сәйкесінше, мекемелер саны артып, әртүрлі санаттағы мұқтаж жандарға оңтайландырылған көмек көрсетілуде. Аймақта 9 жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығы мен басқармаға қарасты 5 медициналық әлеуметтік мекеме бар. Онда 75 мыңға жуық адамға әртүрлі бағытта қызмет көрсетіледі.

Сонымен қатар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 8 үкіметтік емес ұйыммен жұмыс жүргізілуде. Соның ішінде 5 психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған 6 мүгедектігі бар 45 адам мен 148 балаға арнаулы әлеуметтік көмек берілген. Сондай-ақ, облыста 31 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның 20 мыңнан астамы оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес тиісті көмекпен қамтамасыз етілген. Мүгедектігі бар азаматтардың қоғамдық орындағы қозғалысын жақсарту үшін биыл 277 нысанның бейімделуі жоспарланған болатын. Қазір бюджеттік және басқа да қаржы есебінен 128 нысанға бейімдеу жұмыстары жүргізілді.

Облыста «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған 16 мыңнан астам көпбалалы ана, төрт және одан жоғары кәмелет жасқа толмаған баласы бар 31 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Оларға табыс көзіне қарамастан мемлекет тарапынан ай сайын әлеуметтік жәрдемақы төленуде.

Айта кетерлігі, қыркүйек айынан бастап «Отбасының цифрлық картасы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі енгізілді. Онда облыстағы атаулы әлеуметтік көмек алуы керек деп танылған отбасыларға зерттеу жүргізіліп, әрбір адамның белгілі бір мемлекеттік қолдау шараларына қажеттілігі айқындалған.

Ата заңымызда адам мен оның өмірі бәрінен де қымбат екені атап көрсетілген. Күнделікті тұрмыста солардың қажетті мұқтаждықтарын өтеп, әл-ауқатының жақсара түсуіне әлеуметтік сала қызметкерлерінің қосып отырған өзіндік үлестері мұнымен шектелмейді. Бұл ретте сала қызметкерлерінің жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек бағытындағы үлгілі жұмыстарын да атап өткен жөн.

Биыл аймақтың әлеуметтік саласына республикалық, жергілікті бюджет және субвенциялар есебінен 27,4 млрд теңге қаралған. Ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз табыс алатын халықтың үлесін азайту, жұмыссыздық деңгейін төмендету, жыл соңына дейін 30 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құру секілді маңызды міндеттер бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда.

Нәтиже де жоқ емес. Айталық, облыс халқының жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы 26,4% артып, ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз табыс алатын халықтың үлесі азайған. Жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,9% көлемінде.

«Өңірлік жұмыспен қамтудың картасы» шеңберінде 21,8 мың жаңа жұмыс орны құрылған. Сондай-ақ, ұлттық жобалар шеңберінде 3,2 мың адам жұмысқа орналастырылған. «Кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасына 41,2 мың адам қатысып, оның 9,2 мыңы бос жұмыс орнына, 12,9 мыңы субсидияланатын жұмыс орнына орналастырылды. Ал, 2,3 мың адам қайтарымсыз грант алып, жеке кәсібін ашты.

Бүгінгі таңда еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру бағытында Солтүстік өңірлерге 135 отбасы қоныс аударып, 158 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Ал 3 жерлесіміз кәсіпкерлікпен айналысуда. Бұдан бөлек, жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға кемінде 100 жұмыс орнын құру тапсырмасы бойынша биыл аймақта 4,6 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Бұл жылдық жоспар 5,7 мың адамға орындалды. Ал, келесі жылы аймағымызда 6 мыңға жуық жасты жұмыспен қамту және жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін 3,9 пайызға дейін төмендету көзделген.

Әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуда аянбай еңбек етіп, мұқтаж жандардың игілігі үшін тер төккен салада осындай ауқымды істер атқарылуда. 2011 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні бекітілген болатын. Содан бері мереке ресми шара ғана емес, мейірім мен шапағат мейрамына, игі дәстүрге айналды.

Әлеуметтік жұмыс – білім мен білікті ғана емес, басқа адамның жанын түсіну және сезіну үшін өз жүрегін ашуға дайын болуды талап ететін ерекше мамандықтың бірі. Әлеуметтік сала қызметкерлері әрдайым азаматтардың қайғысы мен қиындығын жат санамай, бірге жеңуге бар күш-жігерлерін салатын мамандық иелері қашанда құрметке лайық.

Ғабит ЖАҢАБАЕВ,

облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар

басқармасының басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<