Қанатымен су сеуіп, соғыс отын өшірген

1073

0

«Күркіреп күндей, өтті ғой соғыс» деген қазақтың айтулы ақиық ақыны Қасым Аманжоловтың қаламымен қашалып, кейінгі ұрпаққа ұмытылмастай аманатталған өлең жолдары өткенімізді оңайлықпен ұмыттыра қоймасы анық. Әлемді әбігерге салған, тұтас тағдырлар теңселіп кеткен, шаңырақтар шайқалған, армандар адыра қалған алапат соғыстың бағасын адамзат әлі күнге бере алмай келе жатыр. Оның мүмкін де емес екенін көзі қарақты, санасында саңылауы бар әрбір адам баласы бағамдай алады.

Өзге елдерді айтпағанның өзінде өз елімізде де екінші дүниежүзілік соғыстың өрті шарпымаған, оның ұрпақтан-ұрпаққа міндетті түрде беріліп отыратын ешқандай өлшемге бағынбайтын қабырғаны қайыстырар қасіретін сезінбеген шаңырақ кемде-кем болғандықтан, соғыс құрбандарының ұрпақтары тек естеліктерден жұбаныш тауып, өмірдің көш-керуенін болашаққа бағыттай беруге мәжбүр. Айтпағым, елі үшін қан төгіп, ерлік жасаса да ел тәуелсіздігін алғанша елеусіздеу қалған, қан майданнан ілесе келген кеселдің кесірінен өмірден ерте өткен жерлесіміз, бес орден, үш медальдың иегері туралы еді. Ердің есім-тегі – Елубес Ерғараев.

Сұрастыра отырып батыр жерлесіміздің өзіміздің ауданында ұзақ жылдар ұстаздық еткен, ҚР білім беру саласының үздігі, еңбек ардагері Тасболат Ерғараев ағамызбен туыстық жақындығы бар екеніне көз жеткізіп, үйіне арнайы іздеп бардым. Ол кісінің денсаулық жағдайымен облыс орталығына таяу жердегі Талсуат емдеу-сауықтыру кешенінде ем алып жатқанын естіп, телефонын алып сөйлесіп, аздап болса да қажетті мәліметтерге қаныққаннан кейін, қағаз бетіне түсіріп жария қылғанды жөн көрген едім.

– Иә, бала болсам да ұмытқан жоқпын, батыр ағам Елубес Ерғараевты  тек соғыстан кейін, дүние саларынан бірер жыл бұрын ғана көрдім, – деді Тасболат аға ойланыңқырап отырып. – Дәл сол уақытта әкеммен түйдей құрдас, қыз алыспайтын туысы, Сыр өңіріне белгілі Дәріқұл шайырдың түрмеден шығып біздің шаңыраққа келіп, қона жатып жырлаған кезі еді. Әдемі қияқ мұрты бар, ажарлы, шағын бойлы кісі болатын. Бостандыққа енді шыққасын бізге кесірім тиіп кетпесін деді ме, әкеме қақпаны, есікті мықтап бекіттіріп, терезені тұмшалатып қойып жырлаған Дәріқұл жыраудан көзін алмай қарап отыратын Елубес ағамның соғыс жарақатынан қалған оң қолының сұқ саусағы мен бармағы есімде қалып қойды.

Дәріқұл жыраумен бір ауылда, Құмбазарда дүниеге келіп тете өскен Елубес ағам айналдырған екі саусағымен қара домбыраның құлағында ойнайтын, ұзын-сонар дастандарды, қисса-жырларды жатқа жырлайтын өнерімен алыс-жақын ауыл-аймаққа танымал болып қалған. Майданнан кейінгі аш-аламан кезеңнің тұрмыс тауқыметі туған жерде тұрақтатпай, өзінен кейінгі екі інісі барып табан тіреген, соғыс зардабының әсерін соншалықты сезіне қоймаған сонау тәжіктің Қорғантөбесіне қоныс аударуға мәжбүр еткен.

Ол жердігі қазақтардың өнерге,ойын-сауыққа құмар көпшілігі бар, елден барған ағайындар аралас, таң атқанша жырлаудан жалықпайтын Елубес ағамды аяғын жерге тигізбей алып кеткен. Құдай дарытқан өнерінің арқасында ол жақта тұрмыс-тіршілігі жаман болмапты. Бірақ, «ер туған жеріне» деген бар емес пе, қанша жерден жайлы болса да жат мекен туған жердің тозаңына татымайды ғой.

Әрі соғыстан алған жарақаты асқынып 1952 жылы Қазалыға қайтып оралады. Сол кезде тұрмысымыз енді оңала бастаған еді, Елубес ағам оңалып кетер ме екен деп, әкем желіге екі құлынды бие байлап, қымыз дайындатқанымен, науқасы әбден меңдеген ағам өзіне-өзі келе алмады.

Жалпы, менің әкем 1907 жылы дүниеге келсе, тете інісі Елубес ағам шын мәнінде 1910 жылы, ал сол заманның аумалы-төкпелі ақтаңдағынан, құжат бойынша 1918 жылы өмірге келіпті. Әкем соғыс басталғанда Қазалы теміржолының көмір базасындағы бу қазандығының от жағушысы, кейіннен Ресейдің Чкалов қаласындағы кран машинистерін даярлайтын курста білімін жетілдіріп келіп машинист ретінде жұмысын жалғастырғаны себепті, теміржолға аса зәру мамандық иесі ретінде бронь арқылы соғысқа алынбай қалған. Ал, Елубес ағам болса, сол соғыстың зардабынан сырты бүтін,  іші түтін, сүлдерін сүйретіп келіп сегіз-ақ жыл өмір сүріп, 1953 жылдың мамыр айында дүниеден өтті.

Тасболат аға кезінде майдангерлерге соншалықты мән берілмегендіктен әрі тым ерте қайтыс болғандықтан соғыс сарбазының ерлігі, марапаттары ескерусіз қалғанын, тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана іздеуге мүмкіндік туғанын айтады. Осыдан бес жыл бұрын аудандық әскери комиссариатқа сұрау салу нәтижесінде Елубес Ерғараевтың бес орден, үш медальдің иегері екенін және жаһан соғысындағы жорық жолдары туралы біршама мәліметтерге қол жеткізгендері туралы баяндап өтті.

Е.Ерғараев Қазалы әскери комиссариатынан 1940 жылдың 3 мамыры күні Кеңес үкіметінің сол уақыттағы заңдылығына сәйкес үш жылдық Отан алдындағы борышын өтеуге қызыл әскер қатарына шақырылады. Әрине, тарихтан белгілі, саясаттан сәл де болса хабары бар жандар үшін ол кезең халықаралық жағдайдың әбден ушығып, шегіне жетіп, әні-міне соғыс өртінің тұтануына сіріңкені сүйкей салу ғана қажет болып тұрған уақыт еді.

Дәл сол сынақты сәтке сәйкес келген, кіндік қаны Құмбазарда тамған Қазалының қарапайым қазағы Елубестің үш жылдық міндетті әскери борышының қалған бөлігі екінші дүниежүзілік соғыс сойқанының соқпағына жалғасып жүре берді. Бұған дейін бір жылдан аса әскери қызметтің ащы-тұщысын татып үлгерген жауынгердің қысқа мерзімді мергендер даярлайтын курсқа жіберілуі де, көзі қарақты әскери басшылардың талқыланбайтын таңдауы болса керек.

Ойлануға уақыт берілмейтін, ел басына күн туған аласапыран уақыттың талабы бойынша қызыләскер Елубес Ерғараев 1941 жылдың күзінде сержант шенімен №281-атқыштар полкінің құрамында от пен оқтың ортасынан бір-ақ шықты. Үш жылдан аса тағдыры дұшпан мылтығының ұңғысына байланып жүрген жауынгердің жан алып, жан беріскен мергендердің үнсіз арбасуындағы бір ғана мүлт кеткен қателігі 1944 жылдың қазан айында Кенигсберг қаласына жақын жерде өткен кезекті шайқаста саптан шығарды.

Неміс мергенінің оғы Елубестің шүріппе ұстайтын оң алақанын талқандап, шынтағынан тесіп шыққан. 1944 жылдың қазан айынан 1945 жылдың тамызына дейін әскери госпитальда емделіп, екінші топтағы соғыс мүгедегі ретінде елге оралады.

Ел есін жинауға мұршасы келмей жатқан соғыстан кейінгі қиыншылық кезеңде соғыс сарбазының ажалмен арпалысып жүріп алған бес орден, үш медаліне мемлекет те, айналасындағылар да соншалықты мән бере қоймаған. Бұған қоса, сол заманның жеңімпаз жауынгерлері жасаған ерлігін міндет қыла бермеген, қан кешіп келіп әскери киімін шеше салып, майданды қамтамасыз етеміз деп әбден еңсесі түскен қарттар мен әйел, балаларының қамы үшін еңбекке араласып жүре берген.

Орден-медальді кез-келгенге тегін үлестіре беретін Кеңес үкіметінің үрдісінде жоқ екенін темір тәртіптің тегеурінін көрген әр жауынгер анық білсе керек. Ал, бес орден мен үш медальдің иегері атанған майдангер-мерген Елубес Ерғараевтың бұл марапаттарға ие болу үшін қан мен терін төккені айтпаса да түсінікті. Ұлы Отан соғысының ержүрек жауынгері Е.Ерғараевқа тиесілі «Қызыл Жұлдыз», «Қызыл Ту», үшінші дәрежелі «Даңқ» ордені, екінші және үшінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендеріне наградалар тарихында сол кезеңнің мемлекеттік тілінде мынадай мінездемелер беріліпті:

Орденом «Красной Звезды» награждались войны «За мужество и отвагу проявленное при исполнений войнского или служебного долга». Орден «Славы» можно было получить только за личный подвиг на поле боя, за славные подвиги, храбрости, мужества и бесстрашия проявившие в боях за Родину. Войнские части, подразделения им не награждались. Орденом «Красного Знамени» награждались за особую храбрость, самоотверженность и мужество проявленное при защите Отечества. Орденами «Отечественной войны» награждались проявившие в боях за Родину храбрость, стойкость и мужество, военнослужащие которое своими действиями способствовали успехи боевых операций Красной Армий. Медаль «За отвагу» государственная награда СССР для персонального награждения за личное мужество и отвагу, проявленное при защите Отечества и исполнений войнского долга.

Бұл мінездемелерді тізіп жазғандағы себебім, бүгінгі күнгі берілетін марапаттар мен құны қымбатқа түсетін, жаныңды кепілге қойып қан төгіп алатын соғыс сарбаздарының наградаларының айырмашылығының арасы жер мен көктей екенін ұқтыру еді.

Біз де бұл сөздерді аудара алмай отырған жоқпыз, ауытқып кетпейік дедік. Өйткені, мұнда соғыста болғандардың әр орден, әр медалінің қандай салмағы бары айтылады. Әрине, соғыстан орден, медалсыз жалаңаш жейдемен келген ешкім жоқ. Соғыста болғандардың бәрі батыр. Егер тарих көзіне тікке қарасақ, соғыстың әуелгі жылы совет солдаты немістің танкісіне құр қолмен қарсы ұмтылған. Орманның өрттін қанатымен су тасып өшіремін деген қарлығаш сияқты жанұшырған азаматтардың бәрі бір жұдырық болып ақыры алып жауды аяққа таптады.

Сонымен, майданнан оралғаннан кейін Құдайдың қалауымен тағдырын қосқан Тұңғатар қызы Марияш анамен соғыс ардагері Елубестен Серік, Көрік, Төлеген есімді үш перзент өмірге келеді. Көрік жастай шетінеп кетсе, қазіргі уақытта жеңімпаз жауынгердің Серік пен Төлегеннен тараған ұрпақтары мәуелі бәйтеректей жапырағы жайқалып, тамырын тереңге жіберген.

Соғыс жаңғырығы алыстап, сол зұлматтың ортасында қан кешкендердің қатары сиреп, іздесек таппайтын күн туды. Соңғы сарбаздарының өзі ғасырды толтырған тұста ғана тарихи тұлға мәртебесі берілген есіл ерлердің ерлігін ендігі жерде естен шығарып алудан абай болудың өзі олар үшін үлкен құрмет болар еді.

Әлімжан ҚИЯС,

Әйтеке би кенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<