Қаңтардағы «Жасыл Қызылорда»

548

0

Қаланың көрікті келбеті өздігінен қалыптаспайды. Жазда жасыл желекке, әсем гүлдерге құшағы толады. Көздің жауын алатын гүлзарлар отырғызылады. Қыста суыққа қарамастан қаланы қоқыстан тазартып, тынысын кеңейтеді. Мұның бәрі де қарапайым жұмысшылардың еңбегі. Ыстық, суықты елемей жұмысына жауаптылық танытып отырған мекеменің бірі – «Жасыл Қызылорда».

Мекеме басшысы Айбол Айдарбеков кезекті нысан басында екен. Жыл басынан бері көктемге дайындықты бастап, қаншама арық, каналдарды тазалап үлгерген. Бұл жолы Ы.Жақаев көшесі бойындағы арықтарды тазартуда.

– «Жасыл Қызылорда» мекемесі 2023 жылы облыс әкімінің қолдауымен құрылды. Былтыр қаңтар айынан бастап іске кірісті. Мекеменің негізгі бағыты – қаланы көгалдандыру, каналдар мен арық жүйелерін тазалау, жерасты ұңғыма және насостар арқылы аяқсу беру, сквер аллеялар мен орталық көшелердегі гүлзарларға гүл егу, ағаш отырғызу, көгалды күтіп ұстау, қураған ағаштарды кесу, балақтау ісімен айналысады. Мұнда 156 адам еңбек етеді. Оның ішінде гүл, ағаш егетін бағбандармен қатар жылыжайда еңбек ететіндер де бар. Қызметкерлердің жас ерекшелігіне қарамаймыз. Өз еркімен келген еріктілер, зейнет жасындағылар мен жастар да еңбек етуде. Бәрі де ісіне тиянақты, бастысы қаланың көркейіп, гүлденуіне үлесін қосқысы келетіндер. Қыста тазалыққа да атсалысып, қар, жауын-шашында да қолдарынан күрек түспейді, – дейді ол.

Мекеменің техникалары жаңа, толық қамтылған. Қалада ұзындығы 54,6 шақырымды құрайтын арық жүйесі мен 20 канал  бойында 14 насос қондырғысы бар. Осыларға тазалық жұмыстарын ұйымдастырады. Көктемде толық аяқсумен қамтылу үшін ерте бастан әзірлікке кіріскен. Осы кезге дейін «дүре тимеген» талай арықтың көзі ашылыпты. Жыл басынан бері Жібек жолы, Сарқырама, Табиғат және қалалық каналдар мен қалаішілік арық жүйелері тазартылған. Осының бәрінде 26 техника мен жұмысшылар жүр.

Несін жасырамыз тұрғындардың  ауласынан шығатын тұрмыстық қалдық аз емес. Арнайы қызметті пайдаланудың орнына көше бойын бүлдіре салуға именбейтіндер бар.

– Иә, өкінішке қарай тұрғындар мұндай қадамға барады. Қоқыс жәшігі жоқтар арыққа төгуді әдетке айналдырған. Салдарынан арық ластанады. Мұны біздің қызметкерлер тазалайды. Осы ретте біз арнайы мекемелермен бірігіп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Бірақ кейде құлақ аспайтындар  бар. Сонымен қатар қаланы толық аяқсумен қамту мақсатында ішкі көшелерді тазартуды қолға алған болатынбыз. Кейбір арықтар  кәсіпкерлік нысан аумағында орналасқандықтан бітеліп қалған. Кәсіпкерлерге ескертіліп, арнайы техника күшімен арықтарды қайта қалпына келтірдік, – дейді А.Айдарбеков.

Биыл қала аумағына 31 мың дана ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Оның ішінде 16 мың түп сквер аллеялар мен орталық көшелерге, қалғаны жасыл белдеу нысандарының бойына отырғызылады. Көшет түріне келер болсақ, ауа райына қолайлы, құрғақ, ыстық, шөлге төзімді терек, қарағаш, күлен, сәндік ағаштары таңдалыпты. Бұдан бөлек, мекеме тарапынан шаһар аумағын көгалдандыру үшін 353 мың түп бір және көпжылдық гүл көшеті бапталып жатыр. Көктемде гүл көшеттері «Сыр ана» монументі, Облыстық әкімшілік ғимараты, Ж.Баһадүр ескерткіші, Назарбаев даңғылы, Қуғын-сүргін құрбандарына арналған монумент, қалалық әкімшілік ғимараты, Қаламгерлер аллеясы, Б.Шөкенов атындағы саябағы, Тағзым алаңы мен Жанқожа батыр ескерткіші сынды қаланың көрікті жерлеріне егіледі.

– Ағаш көшетін өзге өңірлерден де алдырамыз. Сонымен қатар орман шаруашылығы мекемесінен жергілікті тұқымдарды алып егеміз. Біздің жерге ағаш отырғызу да оңай емес. Сондықтан көшетті жергілікті топыраққа жерсініп кету үшін топырағымен қоса дәрумендерімен жеткізіп береді. Ағаш көшеті жылына екі рет, көктем, күз мезгілінде отырғызылып, күтіледі. Бағбандар күтімге алады. Ал былтыр әкелінген көпжылдық гүлдер жылыжайда бапталуда. Гүлдерді сәуір айынан бастап мамырдың алғашқы он күндігі ішінде егіп боламыз, – дейді мекеме басшысы.

Жұмысшылар қатарында өз еркімен келіп, қаланың көркеюіне атсалысып жатқан табиғат жанашырлары  да жетерлік екен. Солардың бірі, алпысты алқымдаған – Таңатар Маханов бұрын «Табиғат» атты мекемеде жұмыс істеген. «Көпжылдық тәжірибемді жас мамандармен бөлісіп, білгенімді үйретемін» –дейді ол.

Енді жылыжайға келейік. Бұл жерде де тіршілік қызу жүруде. Гүл бағбандары көктемгі көшеттердің бабын жасап, тыным таппай жүр.

– 10 жылдан асты, жұмысым өзіме ұнайды. Көпжылдық гүлдерді көктемге дайындау қамындамын. Мұнда гүлдің 6 түрі бар. Ал, бір жылдық гүлдің тұқымы себілді. Гүл баптауға да ерекше ықылас керек.  Жылы сөзді гүлде қалайды. Мына дайын гүл көшеттерін сәуір айынан бастап еге бастаймыз. Жаз бойы күтіп-баптап, суарып күтімін жасаймыз. Ал күзде қайта жинап алып, қыс бойы бабына келтіреміз, –дейді бағбан  Гауһар Ержанова.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<