Сіз күніне қанша қант жейсіз? Оның мөлшеріне мән бергеніңіз абзал. Өйткені мамандар қантты көп мөлшерде тұтыну денсаулыққа зиян дейді.
Орта есеппен алғанда адам күніне 225 г қант тұтынады екен. Бұл ағза үшін өте көп. Барлық тағамның құрамындағы қантты қоса есептегенде оның мөлшері күніне 20-25 грамнан аспауы тиіс дейді «Біздің дәрігер» жобасына сұхбат берген эндокринолог дәрігерлер.
Егер қантты шамадан тыс көп тұтынсаңыз, ағзада артық май жиналады, қартаю процесі күшейеді, жүрек-қан тамыр аурулары пайда болады. Ағзадан кальций шайылып, В тобы дәрумендерінің сіңірілуі тежеледі, ал иммундық жүйенің жұмысы 17 есе төмендейді екен. Қантты көп тұтыну сондай-ақ қалқанша безінің жұмысын төмендетіп, нәтижесінде зат алмасу процесі бұзылады. Артық салмақпен қант диабетіне шалдыққан науқастардың жыл сайын артуы да осы қантты көп тұтынудың салдары. Егер сізді артық салмақ, жиі кіші дәретке бару мазаласа, аузыңыз құрғап шөл қысса міндетті түрде дәрігерге тексерілу керек екенін ескерткен мамандар соңғы жылдары балалар арасында қант диабетінің 2 түрі көп кездесіп жатқанын алға тартты.
Қант, әрине бізге уақытша күш береді, нәтижесінде адамда тәуелділік туындайды. Күнделікті тұтынатын тағамдар құрамында да жасырын қант болады. Оны білу үшін міндетті түрде тағамдардың құтысында жазылған құрамына назар аудару керек. Газдалған тәтті сусын, ақ ұннан жасалған тәтті өнімдер мен фаст-фуд, тіпті кетчуп пен майонез құрамында да қант болатынын ескерткен сарапшылар табиғи қант негізінен жеміс-жидектер мен кептірілген жемістердің құрамында кездесетінін айтты. Күнделікті қажет қант мөлшерін тек табиғи өнімдерден алсақ, денсаулыққа кері әсері болмайды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<