Қант қоры жеткілікті

738

0

Бүгінде еліміздің көптеген аймағында  қант өнімдерін жаппай сатып алу жағдайлары орын алуда. Осының салдарынан шағын дүкендерде қант қалмады. Ал кейбір дүкен иелері осы жағдайды пайдаланып, бағасын көтеріп сатып отырғаны байқалады. Ірі супермаркеттер қантты тәулігіне шектеулі мөлшерде шығаруға мәжбүр.

Халықты дүрліктірген ақпараттың шығуының басты себебі – әлеуметтік желілерде бірнеше күн қатарынан кейбір азық-түлік өнімдерінің, соның ішінде қант тапшылығы орын алуы мүмкін деген хабарламалардың таралуы. Мұның арты жасанды дүрбелеңге ұласып, қантқа деген сұраныстың артуына және сатушылар тарапынан алыпсатарлықтың көбеюіне әкеп соқты. Ал мамандардың айтуынша, елімізде қант тапшылығы жоқ. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Тілеулеева, «Байқоңыр» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жеңісбек Ахметов айтты.

Мамандардың мәліметінше, Қазақстанда қант күнделікті өндірілуде. Ал сырттан әкелінетін  көлем  өз деңгейінде тасымалдануда. Қор жүйелі түрде толықтырылып отыр. Былтырғы жылдың қорытындысымен еліміздің қант  өндірісі 276,9 мың тоннаны құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 89 %-ке артық өндірілген. Қазіргі кезде облыс бойынша 334,2 тонна шамасында қор бар. Оның ішінде сауда үйлерінде 106,6 тонна, тұрақтандыру қорында 100 тонна өнім бар. Тұрақтандыру қорындағы қант 36 әлеуметтік дүкенде және ірі сауда орындарының әлеуметтік бұрыштарында 263 теңгеден сатылуда. Бұдан бөлек, қордың сауда әріптестерімен 125 тонна қантпен қамтамасыз ету жөнінде келісім-шарт бойынша міндеттемелері бар.

Тұрақтандыру қорына наурыз айында «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰҚ» АҚ арқылы қосымша 136 тонна қант сатып алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жыл соңына дейін аталған корпорация арқылы 3314,8 тоннасын  жеткізу көзделуде. Сонымен қатар, алыпсатарлыққа жол бермеу үшін әлеуметтік дүкендерде және бұрыштарда бір адамға 2 келіден босатылуда. Бағаны тұрақтандыру үшін әлеуметтік дүкендер мен бұрыштарда 19 әлеуметтік маңызы бар өнім нарықтағыдан төмен бағада тұрғындарға ұсынылуда. Сондай-ақ, ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер бірлесіп, ай сайын тұрақтандыру қорына жеткізілуі ұйымдастырылуда. Осы орайда мамандар елімізде азық-түлік өнімдерінің жетіспеушілігі байқалмайтынын, сондықтан алаңдауға негіз жоқ екенін айтады.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<