Қақпақтар коллекциясы

2285

0

Жанкент қалашығынан табылған керамикалық санаттардың  бірі – ыдыс кақпақтары. Жалпы қақпақтың басты 3 қызметі бар.

Бірінші қызметі – тазалық сақтау. Ыдыстағы тағамды шаң-тозаңнан, қыл-қыбырдан, үй жануарларынан қорғау үшін пайдаланылған. Екінші қызметі –  ыдысқа құйылған сусын не тағамның температурасын сақтау. Шіліңгір ыстықта салқын тағамды күннің қызуынан сақтаса, салқын күндері ыстық тағамның суып кетпеуі үшін қолданған. Ал үшінші қызметі –  ас үйдегі қандай да бір ыдыстың не қазанның бетін жабу, сәйкесінше ыдыс ішіндегі тағамды жын-шайтаннан қорғау. Ежелден келе жатқан наным-сенім бойынша ашық тұрған ыдысқа жын-шайтан үйір келеді. Сол себепті осы күнге дейін ашық тұрған ыдысты (тағам, сусын, т.б.) жын-шайтаннан қорғау үшін қақпақпен жабады. Қызығы, бұл наным-сенім осы уақытқа дейін өзекті. Қақпақ болмаған жағдайда ашық тұрған ас-су құйылған ыдыс майлықпен жабылады.

Музей қорындағы бірінші қақпақ төрт сынған  бөліктен құрастырылған бүтін форманы береді. Тұтқасы қиық пирамида пішінінде, ортасы төрт жерінен саусақ сиярлықтай етіліп, қуысталып ойылған. Тұтқаның төбесі сызықтармен төртке бөлініп, дүниенің төрт бұрышын меңзегендей арнайы нүктелермен безендірілген. Қақпақ оғыз стиліндегі өсімдіктектес ою-өрнекпен әсемделген. Диаметрі – 15 см, тұтқасының биіктігі – 4,5 см, тұтқасының ені – 6 см. Ішкі бетін толығымен, сыртқы бетінің төрттен бір бөлігін қара күйе басқан. Күйе жаугершіліктегі немесе басқа себеппен өрт шығудың алғышарты секілді. Түсі – қанық қоңыр. Қақпақ көлемді болғандықтан, тостақ бетін жабуға пайдаланылуы мүмкін.

Екінші қақпақ сары түсті. Жиегінің бір бөлігі кертіліп сынған. Айналдыра оғыз стиліндегі геометриялық ою-өрнектер салынған. Диаметрі – 8,5 см. Көлемі кішірек болғандықтан құмыра бетін жабуға пайдаланған болуы мүмкін. Шелпек формасындағы қақпақтың негізі дөңгелек қалыпта жасалуы мүмкін деген болжам бар. Негізі шелпек емес, әу баста конус формасында құйылған. Оған тұтқаның үштіктеліп жасалуы дәлел. Тұтқасының жоғарғы бөлігі сынған. Жарты бөлігінің жиегі және ішкі бөлігін түгелдей күйе басқан. Күнделікті пайдаланғаннан емес өртенгеннен күйе болуы мүмкін. 

Үшінші қақпақ үш сынған бөліктен тұрады. Үш бөлік бір-біріне жабыстырылып, қақпақтың үштен бір бөлігін құрап отыр. Тұтқасы қиық пирамида формасында, әдеттегідей төрт жағынан саусақ сиярлықтай ойылған. Бетіне геометриялық оюлар түскен. Қақпақтың радиусы – 7,5 см, сәйкесінше бүтіндей диаметрі – 15 см. Массивті көлеміне қарағанда тостақтың бетін жабуға пайдаланылған болуы мүмкін. Ішкі және сыртқы бөлігін шала-шарпы күйе басқан.

Төртінші қақпақтың бізге үштен бір бөлігі жетіп отыр. Жаугершілік уақыттағы қалаға қойылған өрттің салдарынан толығымен күйе басқан болуы мүмкін. Ошақтағы от қақпақтың беткі бөлігін ғана шарпитынын ескерсек, қақпақтың ішкі бөлігінің түгелдей күйе басуы от емес, өрттің салдарынан болуы мүмкін деген тұжырымға келуге болады. Қақпақтың радиусы – 8,5 см, сәйкесінше диаметрі – 16 см. Тұтқасының айналасы кертіліп ойылған, жалпы қақпақ бетіне өсімдік тектес ою түскен. Тұтқасы көлемді, қиық пирамиданың төрт жағында басбармақ сиярлық ойық ойылған. Тұтқаның беткі бөлігі шаңырақтың күлдіреуіші формасында ойылып сызылған.

Бесінші қақпақтың жартысы сақталған. Қызығы, қақпақ таза, жалын тимеген, ашық сары түсті. Өсімдік тектес жапырақ оюмен өрнектелген. Ою тұйықталып, кертілген. Тұтқасы әдеттегідей қиық пирамида формасында, қақпақты ашуға ыңғайлы, төрт жағынан ойық ойылған. Төбесі төртке бөлініп, дүниенің төрт бұрышы төрт нүктемен берілгендей. Радиусы – 7,5 см. Тостақтың бетін жабуға пайдаланғанға ұқсайды.

Жанкент археологиялық қазба жұмыстарынан табылған қақпақтардың сыртқы беті көп жағдайда өсімдіктектес және геометриялық ою-өрнекпен безендірілген. Ою-өрнек – ғасырлар бойы дамып келе жатқан өнер туындысы. Қақпаққа түскен ою-өрнек арқылы оғыз халқының тыныс-тіршілігін, мәдениетін, өнерін, мәдени құндылықтарын көруге болады. Жазу-сызу шыға қоймаған ерте заманда адам өз ойын тасқа, сүйекке, ағашқа ойып түсірген болса, сол замандардан оғыздарға жеткен үрдіс керамикалық ыдыстарда көрініс тауып отыр. Өсімдіктектес ою-өрнек өсіп-өнудің, көктеп-көгерудің нышаны болса, геометриялық ою-өрнектер күнделікті тұрмыстағы қажеттіліктен туындаған. Қызығы, кей ыдыстарда осы екі оюдың түрлері бірігіп, әдемі бір композиция береді.

Қазақ халқында «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген мақал бар. Қазақ өзіне қымбат, жанына жақын, бағалы санаған жақсысын сұқ көзден, өткір тілден жасырып, жабық ұстағанды жөн көрген. «Ырыстың басы – қара қазан» деп те бекер айтылмайды. Қара қазандағы асты қадірлі санаған, қазанын қақпақсыз қалдырмаған. Асыл дүниенің қараусыз қалуы ашкөз жаулардың нәпсісін оятады дегенге сенген. «Бір елі ауызға екі елі қақпақ» деген мәтелде де «қақпақ» сөзі қолданылған. Мәтелде қақпақ әу бастағы «жабу» миссиясын аңғартып тұр. 

Оғыздар резиденциясы болған, ұлы ғұламалар өмір сүрген Жанкент шаһары талай сырды ақтарды. Алдағы күндері де қызықты жаңалықтармен қуантады деп ойлаймын.

Ұлпан Шаған,

облыстық тарихи-өлкетану

музейінің ғылыми қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<