«Қара тізімде» болу мерзімі қысқарды

642

0

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті заңнамалық актілерге қол қойды. Онда банктік, микроқаржылық, коллекторлық қызметті реттеуге қатысты мәселелерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы айтылып, осынау жай ғана ресми хабарламада біздің күнделікті өміріміздің басты түйткілі туралы сөз болғанын атап өткіміз келеді.

Әңгіме несие туралы болып отыр. Жасыратыны жоқ, қазақ­стан­дықтардың 90 проценті банк несиесіне тәуелді. Кейбір есептеулер бойынша ел хал­қының 30 процентінде екі реттен несие қарызы бар. Ол бүгінгі таңда үйреншікті дағдыға айналған. Халық несиесіз отыра алмайды. Қарыз шаш етектен. Соңғы деректерге жүгінсек, Қазақ­стандағы және Қызылорда облысындағы берілген несие­лер­дің өтеу мерзімі 90 күннен асып кеткені барлық борыштың 10 процентін құрайды. Егер жалпы халықтың 90 проценті несие ала­тынын ескерсек, бұл аз сома емес.

Жағдайдың күрделі екенін түсінген Қазақстан Президенті осыдан біршама уақыт бұрын өтелуі қиын несиелерге кешірім жасаған болатын. Негізінен бұл дұрыс қадам болды. Неліктен? Егер тұрмысы төмен отбасылары миллиардтаған теңге құрайтын тұтынушылық несие алып, оны қайтара алмай қарыз жыл сайын өсімпұлымен ұлғайса, бұдан экономикаға зияннан басқа дәнеңе жоқ. Президент жағдайды ескере отырып, оларға кешірім жасады және оның бір мәртелік шара екенін ашық айтты.

Содан бері жылдан астам уақыт өтті. Енді Президент кредиттік бюроларда кредит тарихтарын сақтау мерзімін 10 жылдан 5 жылға дейін қысқарту туралы заңға қол қойды. Осы шешімнің заңдылық тәртібі көпшілікке ұнайды. Егер сіз белгілі бір себептермен несиеңізді өтей алмасаңыз, «қара тізімге» ілігесіз. «Қара тізімде» ұдайы болу жақсылықтың белгісі емес. Сол жылдың ішінде сізге несие берілмейді. Енді Президент пәрменімен осы уақыт тура жарты мерзімге қысқарып отыр. Былайша қарағанда несие алушыға да, банкке де тиімді.

Осы заңда коллекторларға қатысты талаптардың біршама қатайғанын аңғардық. Ендігі жерде коллекторларға бөтен телефон нөмірлерінен қоңырау шалуға тыйым салынады. Сондай-ақ олар заң бойынша борыш­керлермен кез келген өзара әрекет­тесу процесінің бейне және аудио жазбасын жүргізуге міндеттеліп отыр. Бұл нені көрсетеді?

Ресейде коллекторлардың берекесіз, тіпті тым қатыгез әрекетінің салдарынан қарызын өтемей жүргендердің көпшілігі соққыдан жарақат алып, мүгедек болған жағдайлар кездескен. Әлгі коллектор өзінің банктен өтеп берген ақшасы үшін сыйақы аламын деп небір қатыгездіктерге барған. Ақша жарықтық не істетпейді? Міне, осы жағдайды ескере отырып, Мемлекет басшысы коллекторларға қатысты талап ережелерін қатайтып отыр.

Барлығы – жақсылықтың ны­шаны. Сөйтіп, мемлекет мүддесін қорғайтын Президент өз халқының жағдайына орай тағы бір ізгілікті қадамға барды. Алайда, біз оған дайынбыз ба? Соңғы деректерге жүгінсек, халықтың несие алуға деген тәбеті әлі тарылмаған сыңайлы. 2021 жылдың 1 сәуіріне Қызылорда облысында мерзімі өткен берешек сомасы 10 млрд теңгені құрайды екен. Бұл – негізгі қарыздың 3,4 проценті. Аз сияқты ма, қалай, бірақ бұл мыңдаған адам тағдыры. Тағы бір есеп бойынша облыста өтеу мерзімі 90 күннен асқан берешек сомасы 9,9 млрд теңгені құрайды. Жуырда ғана Қазақстан Ұлттық банкі облыстық филиалынан алынған дерек бойынша бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10 процентке төмендеген. Бұл да – жақсылықтың нышаны.

Дегенмен, несиенің өтелуі халыққа өте қиын екенін жақсы білемін. Несие алғандар ай сайын оны соңғы тиынына дейін төлеп құтылады. Бір айдан соң бұл проблема қайтадан бас­талады. Макроэкономикалық көр­сеткіштерді зерделейтін болсақ, жалпы Қазақстанда несиенің өтеу ставкасы өте жоғары. Соңғы уақытта мемлекет ипотекалық несие көлемін ұлғайтты. Оған қатысты бірқатар жеңілдіктер алдағы уақытта алынып тас­талатын болады. Біздің түсін­геніміз, Үкімет несиені қосымша қаржыландыруға үлес қоспайтын болса, оларды қайтару халық үшін тым қиынға түседі. Себебі Ұлттық қордан ұдайы қаржы бөліп отыру жақсылыққа апармайды. Не істеу керек? Біздіңше, халықтың тұтыну несиесіне деген тәбеті әлі жоғары. Тұтыну заттарына деген қызығушылық өсе түсуде. Ол жалпы несиенің 60 процентін құрайды. Цифрларға жүгінейік. Тұтынушылық мақсатына берілген несие көлемі облыста 173,8 млрд теңге құрайды. Жалпы қарыздағы үлесі 62 процент.  Бұл дегеніңіз – ойланатын мәселе.

Сонымен Президент ізгілікті шешім қабылдады. «Қара тізім­нің» мерзімі екі есе қысқарды. Коллекторларға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» табылды.

Жолдасбек Ақсақалов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<