Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында алдымен Теміртау қаласындағы Qarmet металлургиялық комбинатын аралап көрді. Бұдан соң Қарағанды қаласындағы «Кәусар» оқушылар сарайына, кейін Саран қаласында тұрмыстық және электр техникасын шығаратын Silk Road Electronics кәсіпорнына барды.
Президент алдымен Qarmet металлургиялық комбинатының №3 домна пешінің жұмысымен танысты. Мұнда жылына 3,8 миллион тонна шойын өндіріледі. «Qarmet» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев пен кәсіпорынның бас директоры Вадим Басин өндірісті дамыту үшін атқарылған және жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде баяндады. Бұл мақсатқа 3,5 миллиард доллардан астам қаржы қарастырылған. Бұдан бөлек 500 миллион доллар шамасында Көмір департаментіндегі және 978 миллион доллар көлемінде Темір рудасы департаментіндегі жобаларға қосымша инвестиция құю жоспарланған.
Мемлекет басшысына сляб пен блюм шығаратын №2 конверторлық цех пен металл әзірлемелерін үздіксіз құю машинасының жұмысы таныстырылды. Кәсіпорын 2028 жылға қарай жылына 5 миллион тонна болат шығаруды, 9 миллион тонна көмір және 5 миллион тонна темір рудасы концентратын өндіруді жоспарлап отыр.
Мемлекет басшысы комбинатты табиғи газға көшіру маңызды шешім екенін атап өтті. Бұл бастапқы кезеңде қоршаған ортаға келетін зиянды 30 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Президент өнеркәсіп қауіпсіздігі, өндірістің тиімділігін арттыру және жаңғырту, аймақтың экологиялық ахуалын жақсарту бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалардың мерзімі мен жоғары сапа стандарттарын қатаң сақтау қажет екеніне баса назар аударып, бірқатар нақты тапсырма берді.
– Біз отандық инвесторды шақыру арқылы дұрыс шешім қабылдадық. Олар бірден іске кірісті. Комбинаттағы жағдай бұрынғымен салыстырғанда айтарлықтай жақсарған. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды. Ең басты міндет – Qarmet кәсіпорнының баяғы даңқын қайтарып, әлеуметтік мәселелерді шешуге баса мән беру. Бұл бағыттағы жұмыс басталып кетті. Одан хабардармын. Мен комбинатқа жыл сайын келіп, оның даму барысымен танысып тұрамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгінде «Qarmet» акционерлік қоғамында 34 мыңнан астам жұмысшы еңбек етеді. Комбинаттың өндірістік қуаты жылына 5,3 миллион тонна болат өндіруге жетеді. Былтыр кәсіпорын 2,9 миллион тонна дайын өнім шығарған. Оның 2,1 миллион тоннасы Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Грузия, Әзербайжан және Ауғанстан елдеріне экспортталды.
Бұдан соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Qarmet Креативті технологиялар орталығын аралады. Президент кәсіпорын жұмысшыларымен және ардагерлерімен, сондай-ақ кәсіподақ өкілдерімен әңгімелесу барысында еңбек адамы ең жоғары құрметке лайық екенін атап өтті. Бұл ретте мемлекет тарапынан олардың әл-ауқатын жақсарту үшін барлық жағдай жасалып жатқанын жеткізді.
«Qarmet» акционерлік қоғамының диспетчерлік-талдау орталығына барған Мемлекет басшысына компанияның бас директоры көмір өндірісі бөлімшесін дамыту жөнінде баяндады. Бұдан кейін Президент «Саран» шахтасында 620 метр тереңдікте жұмыс істеп жатқан кеншілермен бейнебайланыс арқылы сөйлесті. Кәсіпорын жұмысшыларды жаңа alarmphone құрылғысымен жабдықтаған. Қасым-Жомарт Тоқаев кеншілерге жанкешті жұмысы үшін алғыс айтып, шахтерлердің қызметінде еңбек қауіпсіздігін сақтау маңызды екеніне назар аударды.
Мемлекет басшысы Қарағанды қаласының Пришахтинск ықшам ауданында таяуда ғана ашылған «Кәусар» оқушылар сарайының қызметімен танысты. Президентке мұндағы 13 үйірме мен секцияға 1600 бала қатысатыны жайында мәлімет берілді. Оқушылар игілігі үшін орталықта HI-TECH цех, шығармашылық шеберхана, хореография залы, ART-студия, дыбыс жазу, телевидение және фото студиялары, VR-архитектура және WEB-дизайн кабинеттері, Intellectum-студия, Интернет заттары кабинеті, роботты техника және техникалық шығармашылық зертханасы, STEM-зертхана, музыкалық студия, экологиялық орталық, спорт және ойын алаңдары ашылған.
Жалпы ауданы 3,3 мың шаршы метр болатын ғимарат сапалы қосымша білім алуға қажетті құралдармен толықтай жабдықталған.
Мемлекет басшысы жас ұрпақтың шығармашылық және креативті дамуының мәні зор екеніне назар аударды. Сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға, соның ішінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын өткізуге баса мән беретінін атап өтті. Президент оқушыларды осы маңызды бастамаға белсенді түрде атсалысуға шақырды.
Келесі кезекте Қасым-Жомарт Тоқаев Саран қаласында тұрмыстық және электр техникасын шығаратын Silk Road Electronics кәсіпорнына барды. Бұл өндіріс бұрынғы «Қарағандырезинатехника» зауытының аумағында орналасқан. Жобаның құны – 25 миллиард теңге.
Президентке «Meridian Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің техникалық директоры Александр Критский кәсіпорындағы өндіріс процесі туралы айтты. Зауыт жыл басынан бері тұрмыстық техника шығарып, оны еліміздің электроника бұйымдарын сататын сауда желілеріне жеткізеді. Бүгінге дейін кәсіпорында 97 мың тұрмыстық техника өндірілген. Компания 2027 жылға қарай толық өндірістік қуатына көшіп, 1,1 миллион тұрмыстық техника шығаруды және өз өнімін ТМД елдеріне экспорттауды жоспарлап отыр.
Samsung Electronics Central Eurasia компаниясының басқарма төрағасы Минки Чу аталған өндіріс алаңында Samsung брендімен теледидар және автоматты кір жуу машинасын шығару көзделіп отырғанын жеткізді.
Президентке қазіргі таңда зауытта Қарағанды, Саран, Шахтинск және Абай қалаларының 232 тұрғыны жұмысқа орналастырылғаны туралы мәлімет берілді. Зауыттың өндірістік қуаты толығымен іске қосылған кезде жұмысшылар саны 1200 адамға дейін ұлғаяды.
«Сондай-ақ» Мемлекет басшысы Саран қаласында көлік дөңгелектерін шығаратын КамаТуresKz зауытын аралап көрді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<