Қаралы қаңтар: Қызмет барысында қаза тапқандардың балаларына грант бөлінеді

883

0

Елдегі жаппай тәртіпсіздік кезінде қызмет барысында мерт болған жандардың балаларына мемлекет білім грантын бөледі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директоры Әділет Тойбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әрине, жаппай ереуіл кезінде зардап шеккендер мен олардың отбасына тиісті көмек көрсетіледі. Қызмет барысында қаза тапқан жандардың балаларына білім грантын бөлу туралы шешім қабылданды. Олардың қатарында ішкі істер министрлігі қызметкерлері, өрт сөндірушілер мен әскерилер бар. Қазір бұл мәселе заң тұрғысынан қаралып жатыр», – деді Әділет Тойбаев ОКҚ-де онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Бұған дейін департамент басшысы колледж және ЖОО басшылығы студенттерге бейбіт шеру, ереуілдерге қатысуға тыйым салуы мүмкін бе деген сауалға қатысты пікір білдірді.

«Шындығын айтқанда, студенттерге тыйым салу туралы бізде ешқандай ақпарат жоқ. Жоғары оқу орындары ондай жұмысты өткізген емес. Университет басшылығы тарапынан студенттерге қысым көрсету туралы факті болған емес. Тағы қайталап айтқым келеді, елде болған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде студенттер каникулда болды. Жатақханаларға аз ғана студенттер қалды. Оның өзі шетел студенттері. Егер нақты жағдай орын алған болса, біз оны тексеретін боламыз»,- деп жауап берді министрлік өкілі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<