Қарамай жауындарға, дауылдарға…

712

0

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде «Қызылорда тазалығы» мекемесінің тазалықшылары қонақта болды. Туған шаһарымыздың таза болуы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, еңбек етіп жүрген жандар БАҚ өкілдеріне өздерінің жұмыстары туралы тарқатып айтты.

– Серіктестікте еңбек етіп жүргеніме 10 жыл болды. Осы уақытқа дейін қыстың қатты аязы мен жаздың ыстығына қарамай, қала тазалығына өз үлесімді қосып келемін. Біздің мекемеде жас та, аға буын өкілдері де еңбек етеді. Жастар – өте кішіпейіл. Әрдайым қол ұшын созып, бізге жәрдемдесіп жүреді.

Жұмыс күні бізге жаз мезгілінде таңғы сағат 4-тен басталса, қыста таңғы 7-де өзімізге белгіленген аумақтарды тазалауға бөлінеміз. Қазір күн күрт жылып, аялдама жанын қар мен судан тазартып жатырмыз. Кейде қала жастары ыстық шай әкеп беріп, алғыс айтқанда қуанып қаламыз. Мұны халықтың бізге құрметі деп білемін. Былтырдан бастап облыс әкімінің ұйғарымымен мекеме қызметкерлері қаладағы қоғамдық көліктерде тегін жүреді. Мұнан бөлек, демалыс орындары мен шипажайларға тегін жолдама берілуде, – деді Зейнегүл Қыпшақбаева.

Ал Анар Нәсенованың «Қызылорда тазалығы» мекемесінде жұмыс істеп келе жатқанына 15 жыл  болыпты.

– Әрине, таңның атысы, күннің батысы далада жұмыс істеу оңай емес. Алайда, адал еңбек, маңдай термен тапқан табысқа ештеңе жетпейді. Меніңше, қандай жұмыстан да қашуға болмайды. Ең бастысы – әрбір істі адал істеу. Біздің ұжым өте ұйымшыл. Кез келген қиын сәтте бір-бірімізге демеу болып, қолдап жүреміз. Еңбегімізді бағалап жатқан баршаларыңызға көп рахмет! – деді ол.

Еңбек адамы Рая Қарамұрзаеваның айтуынша, қазір қала тұрғындары аула, көше тазалығына үлкен мән бере бастапты. Бұрынғыдай әр жерге қоқыс тастап кетпейді. Мұны тазалық мәдениетінің қалыптасқаны деп білеміз. Қала тазалығы – баршамыздың ортақ парызымыз, – деп қорытты ол. 

Иә, жауындар мен дауылдарға қарамай тынымсыз еңбек етіп жүрген осындай жандар әркез құрметке лайық. Брифинг соңында өңірлік коммуникациялар қызметінің жетекшісі Г.Бүркітбаева оларға облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының атынан естелікке сыйлық табыс етті.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<