Қарапайым халық декларациядан босатылады

256

0

Сурет ашық дереккөзден

Елімізде жалпыға бірдей декларация 2021 жылы енгізілгені белгілі. Ол төрт кезеңге белгіленді. Бірінші кезеңде лауазымды мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары тапсырды. Екінші кезеңде квазимемлекеттік сектордың мемлекеттік мекемелерінің қызметкерлері, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырды. Үшінші кезең биыл 1 қаңтардан басталып, қыркүйек айында бітті. Оны заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары), жеке кәсіпкерлік басшылары, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырды.

Ал  төртінші кезең 2025 жылғы 1 қаңтарынан бастап жүзеге асуы керек. Алайда Мемлекет басшысының тапсырмасына орай 8 миллион қазақстандықтың кірістері мен мүлкі міндетті декларациялаудан босатылды. Себебі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі уақытта қаржы саласының толық цифрландырылып, бақылау күшейгендіктен азаматтарды декларация тапсыруға міндеттеудің орындылығын тағы да бағамдау қажет деп санайды.

– Бір мәселені ескеру қажет. Жаппай декларация тапсыру тұжырымдамасы осыдан 14 жыл бұрын қабылданған. Содан бері елімізде цифрландыру ісі және финтех саласы қарқынды дамып келе жатыр. Түрлі мемлекеттік мекемелерге ортақ мәліметтер базасы пайда болды. Қаржы және салық бақылауы күшейді. Демек осындай ауқымды өзгерістерден кейін төртінші, яғни, соңғы кезеңде азаматтарды декларация тапсыруға міндеттеу қаншалықты орынды деген сұрақ туады. Үкімет бұл мәселені жан-жақты пысықтауы қажет,– деген еді Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында.

Осыған сәйкес Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев жеке тұлғалардың 90%-ын декларациялаудан босату туралы ұсыныс айтты. Ведомство басшысының мәлімдеуінше, бүгінде алғашқы үш кезеңде жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне 4,8 млн адам, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер, коммерциялық ұйымдар, квазимемлекеттік сектор басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары енген.

2025 жылы декларация тапсыруға тиісті қалған 8 миллион адамның деректер базасын цифрландырып, қолма-қол ақшасыз төлемдерді жетілдіру қажет. Сол себепті министр активтер мен міндеттемелер туралы декларациялардан босатуға ұсыныс  тастады. Бұл осы санаттағы жеке тұлғалардың 90%-дан астамына әсер етеді.

Премьер-министр Олжас Бектенов бұл ұсынысты қолдап, Қаржы, Ұлттық экономика және Әділет министрліктеріне үш күн ішінде заңнамаға қажетті түзетулер дайындауды тапсырды. Сондай-ақ оларды Парламенттің қарауына енгізу қажет екендігін айтты.

– 2025 жылы барлық қалған санаттағы азаматтар декларация тапсырады деп жоспарланған болатын. Бұған халық алаңдаушылық білдірді. Бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың деректер базасы барынша цифрландырылған. Жалпы алғанда, жеке тұлғалардың активтері бойынша барлық ақпарат бар. Қаржы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері тіркеу және салықтық бақылау үшін барлық цифрлық базалардан, оның ішінде екінші деңгейлі банктерден мәліметтер алуды қамтамасыз еткені жөн. Сондықтан 2025 жылы азаматтардың қалған санаттарын активтер туралы декларацияларды міндетті түрде тапсырудан босату туралы Қаржы министрінің ұсынысын қолдаймын, – деді Премьер-министр Үкімет отырысында.

Десе де кейбір санаттағы тұлғалар үшін декларация тапсыру өз күшінде қалады.  Мәселен, Қазақстан аумағынан тысқары жерлерде активтері бар, бір жыл ішінде құны 20 мың АЕК (74 млн теңге) астам сомаға дүние не қызмет түрін сатып алған, дербес салық салынатын табысы бар азаматтарға декларация міндетті болмақ. 

Айта кетейік, декларациялаудың алғашқы үш кезеңінде 4 миллионнан астам адам декларация тапсырды. Үшінші кезең қыркүйек айында аяқталды. Бүгінде кірістері мен мүлік туралы есеп тапсырмағандарға ескерту жасалды. Ал ескертуді елемегендердің кейін есепшоттары да бұғатталуы мүмкін.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<