Тарихқа көз жүгіртсек, әр буын белгілі бір сынақты басынан өткереді. Біздің бабаларымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны», аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді. Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан: тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. 1929-1932 жылдары Қазақстанда жекенің малын тәркілеу, күштеп ұжымдастыруға қарсы 372 рет бас көтеру болса, соның бірі – Қарақұм көтерілісі.
Рухани жаңғыру бағдарламасы тұрғысында еліміздің жүріп өткен тарихының қатпарында көмескіленіп бара жатқан тарихи құндылықтар қайта жаңғыртылуда. Соның ішінде ел тәуелсіздігі үшін күрделі оқиға саналатын Қарақұм көтерілісінің орны ерекше. Осы көтерілістің рухани жетекшісі, қосын басшысы болған палуан, он саусағынан өнер тамған шебер, көтерілістің жыршысы атам Тәуекел Боранбайұлы туралы білгенімді ортаға салып, көпшілікпен бөліспекпін.
Тәуекел бір әкеден тараған 5 ағайынды жігіттің бірі болған. Көнекөз қариялардың айтуынша, бесеуі атқа мінгенде шағын жасақ болатын. Солардың үлкені және көшбасшысы Тәуекел атамыз екен. Қарақұм көтерілісінің бас рухани дем берушісі Т.Боранбайұлы өткен ғасырдың басында қазіргі Жалағаш ауданы, Бұқарбай батыр ауылында дүниеге келген. Құдай Тәуекел атамызға қара күш пен шайырлықты, жыршылық талантты аямай берген. Сонымен қатар он саусағынан өнер тамған шебер болыпты. Ауыл-аймақтағы той-томалаққа бастап баратын жігіттің сұлтаны болған. Бойшаң, сымбатты, ашаң жүзді, денесінде артық еті жоқ, атан жілік, апайтөс жігіт деп сипатталады жазбаларда. Деректер жинақтаған кезде «Жалағаш ауданының құрметті азаматы» Кәрімов Рысбай ағамыздың қолжазбаларынан біраз естеліктер шықты.
«Бір жылы көрші ауылдағы тойға Тәуекел бастаған жігіттер бардық, – деп әкем әңгімесін айтқан еді. Тәуекел тойда домбыра тартып, жыр жырлап думандатып отырды. Кенеттен той иесі «түйе палуанға қарсы палуандарың шығыңдар деп» жар салды. Қарасақ мойынында «қарғысы» бар түйе палуан өте ірі «майсапат» адам екен. Той иесі оған қарсы палуан жоқ болуына байланысты бас бәйгені күрессіз беретінін айтты. Осы кезде Тәуекел орнынан ұшып түрегеліп, атының шылбырын беліне байлап, ауылдың ақсақалының алдына жүресінен отыра кетіп, қолын жайып бата алып, алаңға жүгіріп шықты.
Тәуекел барған бойда түйе палуанның белінен шап беріп ұстап алып, оның әрекет жасауына мұрша бермей түйе палуанның аяғын жерге тигізбей алып ұрды. Таза жеңіс. Өз-өзіне келе алмай не болғанын білмей қалған түйе палуан есін жиып «мен қапыда қалдым, қайта күресемін» деп дүрлігіп тойдың шырқы бұзылуға жақындады. Қайтадан күресуге пәтуаласты. Тәуекел бұл жолы арқаланып, ебедейсіз жүрген түйе палуанның ербеңдеген қолын қағып жіберіп, көтеріп алып, аяғын тырбаңдатып, айналдырып алып жерге ұрғанда түйе палуан жағымсыз дауыс шығарып, өкіре жығылды. Біздер бас бәйгені, Тәуекелді ортаға алып ауылға қайтып едік» деп әкем жарықтық жиі еске алатын» дейді Рысбай ақсақал.
Тәуекел «Уряд» басталғаннан кейін (қазақтар төңкерісті революцияны «уряд» деп атаған) ел ішіндегі берекесіздік пен айтыс-тартыстан бойын аулақ ұстау мақсатында Қарақұмда қалып қойған. Нұраның Сырмен шектескен жері Қаракөлде жай салып, өмірінің соңғы жылдарын сол жерде өткізген. Көлге шығыр орнатып, бақша, егін егумен айналысқан. Жергілікті халықпен тіл табысып, Қарақұмға көшіп-қонып жүргендерді, азықпен қамтамасыз етіп отырған. Елден жарлы жалқыбайларды, жетім інілерін қасына жинап, еңбекке баулыған, тәрбиелеген. Солардың бірі жетім қалған інісі, кейінірек қайтыс болған Қалыбай деген бауырына арнаған мына өлеңі дәлел.
«Сұрасам менің атым Қалыбай таз, Қолайлы домбыраға даусымда саз. Киімді тәуір қылып киер едім, Не пайда әттең тәңірім дәулетім аз. Қыс болса қақырамен күн көремін, Наурыз өтіп, сәуірде келеді жаз. Шапаттап жүгіремін жалаң аяқ, Сумаңдап үйрек ұшат, қиқулап қаз. Байларға жоқшылықтың жайын айтсаң, Бір тиын қара пұлға өтпейді наз. Қаншама кітап оқып ғылым көрген Бермеді Қасым молда бір көйлегін,
– деп қасына жиналған жетім-жесір інілері мен бауырларының тұрмыс жағдайын баяндап, ауқатты адамдардың оларға деген сараңдығын бір-екі ауыз сөзбен түйіндейді. Тәуекел атамыздың әйелі Мария шешейдің естеліктерінен үзінді келтірсек.
«Отағасы маған көп нәрсе айтпайтын. Бірде елдегі айтыс-тартыстан шаршадым. Тыныш өмір сүргім келеді. Қаракөлге шығыр салып, егін егіп отырамыз деді. Қармақшыға барып керек-жарақтарын алып келіп, елден өзінің жетім інілерін алдырды. Сол жылы бидай бітік шығып, астықтың астында қалдық. Қарақұмға көшіп-қонып жүргендер мен Арқаға кіре тартқандар біздерге соқпай кетпейтін. Алыс-беріс, айырбас, тағы басқа тіршіліктеріміз жандана түсті. Мал басы да көбейді. Жағдайымыз түзеліп, уақыт осылайша өтіп жатты. Кейіннен үкімет жекенің малдарын тәркілеп, тартып алып жатқанын естідік. Қысымнан қашқандар бізге келіп бой тасалады.
Осындай мазасыз күндердің бірінде түрлері өрт сөндіргендей үш адам келіп, отағасын қыр астына алып кетті. Олар сүт пісірімдей уақыттан соң оралды. Ішім бір жамандықты сезгендей болып, тіс жарып ештеңе сұрамадым. Арада үш күн өткенде мұздай каруланған үш адам тағы да келді. Отағасын қыр астына тағы алып кетті. Мен үйге кіріп сазарып отырып алдым, жағдайды білгім келді. Қайтып оралған отағасының түрінен ұзақ сапарға аттанғалы тұрғаны сезілгендей көрінді. Маған қарап «Бәйбіше, ішің сезіп отырған болар, халық өкіметтің өктемдігіне шыдамай көтеріліске шығыпты. Көтерілісшілер 3-4 күнде осы жерге келеді. Арттарынан карулы әскер қуып келе жатқан көрінеді.
Осы өңірдегі Алтын, Кете, Шөмекей, Арқа беттегі Қыпшақтар мен Табынның жігіттерінен жасақтар жиналып, хан сайланыпты. Мені әскербасына ұйғарыпты. Бірінші келгендерге келісім берген жоқ едім, екінші келгендерге «у» ішсең руыңмен іш дегендей, тәуекелге бел байлап, маңдайға жазғанды көремін деп келісімімді бердім, енді өзіңе мықты бол» дегенде өкіріп жылап жібердім. Отағасы «тоқтат» деп зекіді. «Ертең сәскеде жолбастаушы келеді, соған дайындал, елге, Арықбалыққа көшесің (Бұқарбай батыр ауылының бұрынғы атауы). Үйіңді Айтуар қалпенің қасына тік, ел сыйлаған әруақ қой, сені ешкімге түрткі қылмас, қанатының астына алар, уәде деген құдайдың атымен басымды оққа байлап кетіп барамын. Тіршілікте жолықпасақ о дүниеде жолығармыз» деп ішіндегі шерін шығарды.
Біздер жолға жинала бастадық, отағасы түнімен орыстардан алған екі мылтығын майлап, кебежеде ораулы күйінде жатқан қылышы мен кездіктерін қайрап, оқ-дәрілерін мал терісінен жасалған қалтаға салып, жорық киімдерін ықшамдап ретке келтірді. Ертеңіне қолдағы бар малды екі інісіне құмға айдауды тапсырып, ақбоз айғырын мініп, екінші атты қосағына алып, жалғыз қызы Озикүлді құшақтап, сүйіп, иіскелеп мауқын басып аттанып кетті. Жылап, сықтап біздер қалдық. Сәскеде үш түйемен жолбасшы келді, біз елге келдік. Қалпе атамның қасына үйімді тіктім.
Біз туралы ел құлақтанып қалған екен, бәрі де маған сезіктене қарауды шығарды. Әруағыңнан айналайын қалпе атам бізді ешкімге көзтүрткі қылмай, қамқорлық жасады. Кеңес үкіметінің тоталитарлық қыспағына, қолдарындағы күнкөріс малдарынан айырылған өңірдің халқы Кеңестің озбырлық саясатына, мұздай қаруланған тұрақты әскерге сойыл, шоқпар, шиті мылтықпен қарсы шыққан. Отағасы көтерілісшілерге берген уәдесіне адал болып, солармен кете барды. Ақыр соңында бұл оқиғаның аяғы ұзын құлақтан естіп жаттық, көтерілісшілер қызыл әскердің күшіне шыдамай жеңіліпті, бас сауғалап кетіпті, кейбіреулері ұсталып, қамалып та жатыр деген хабардар елге тарап кетті.
Сол жылдың желтоқсаны боранды суық болды. Осындай күндердің бір түнінде үстіндегі киімі алба-жұлба, сақал-мұрты өсіп бетін жауып кеткен отағасы үйге кіріп келді. Әдепкі кезде түрінен қорқып, әбіржіп калдым. «Терезені қымта, есікті жап, менің келгенімді жан білмесін» деді. Арып-аршып, әбден мұқап, шаршаған. Екі-үш күнде калпына келе бастады. Ауылда көтерілісшілер жайлы гу-гу әңгіме. Айтатындары «бәленше-түгеншелер ұсталып, қамалыпты, Нұрбай Ташкентке қашып кетіпті» деген сөздер. Мен де батылдыққа барып отағасына «Сен де Ташкент жаққа қаш» деп қолқа салдым. Сонда ол: «Не де болса құдайдың маңдайыма салғанын көремін. Егер қашып кетсем сендерге және сендерді қамқорлыққа алып отырған мына кісілерге зардабым тиеді» деп отырып алды.
Бесінші күні таң алдында үйді қоршалаған үш шошай қалпақтылар келіп, отағасын ұстап алып кетті. Жылап-еңіреп біз қалдық. Қызылорданың түрмесіне қамалып, қалаға жақын жерде атыпты» деген Мария шешейдің жазбасы бар. Сол Мария шешей 1960 жылдардың соңына дейін жалғыз қызы Озикүлмен бірге қазіргі Бұқарбай батыр ауылында тұрып, дүниеден өтті. Ал қызы Озикүл 1980 жылдары қайтыс болды. Қалай айтсақ та 20-ғасырдың зобалаңын көріп, қасіретін тартып, ұлт үшін жандарын пида еткен Қарақұм көтерілісінің қаһармандарының есімдері қазақ халқының тарихында қалды. Олар бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы үшін күресті. Ерлік істері Тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды. Өткенсіз бүгін жоқ дейміз. Атамызды жиі еске алып, оның ерлігімен мақтанамыз. Жосалыдан 70 шақырым жердегі Қаракөл жанындағы Қойшының төбесіне белгі ретінде аты-жөнін жазып көк тас қойдық. Ұрпақтарының міндеті ата ерлігін ұмытпай, ұлықтай білу емес пе?!
Аралбай БОРАНБАЕВ,
Семей сынақ полигонының ардагері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<