Сырдарияның арғы жағалауындағы елді мекендердің, көршілес Арал ауданы тұрғындары үшін көктем-күз мезгілінде өзеннен өту ұзақ жылдар бойы қиындық туындатып келгені, мұнан біршама жыл бұрын «Әлсейіт» көпірінің іске қосылуы жалпақ жұртты қуанышқа бөлегені туралы талай айтылып, жазылып жүр.
Қазалыда басталған игілікті істен оқырман жақсы хабардар. Көпшілік қауым тағатсыздана күткен «Қарлаң» көпірі құрылысының басталуы жұртшылықтың шынайы ықыласына бөленуде.
Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев, облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп және аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқаппен бірге «Қарлаң» көпіріне арнайы барып, құрылыс жұмысын көрді. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов атқарылып жатқан шаруаларды атап өтті.
Аудан әкімі Сырдария өзенінің арғы бетіндегі тұрғындар үшін көпірдің маңызын, құрылыстың сапасына мән беру қажеттігін айтып, жұмысқа аудан тұрғындарын көптеп тарту мәселесін де назардан тыс қалдырмауды тапсырды.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
«Сыр бойы»
Қазалы ауданы





