Қармақшы: Әлеуметтік салаға әлеуетті бетбұрыс

336

0

Қармақшы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасқан. Түйткілді мәселелердің шешімі де кезең-кезеңімен реттеліп келеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялық қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Жандос Еркінбек мәлім етті.

Өткен жылы  аудан бюджеті 18 млрд  533 млн теңгеге жеткен. Оның ішінде, ауданның өз кірістері  2 млрд  658 млн теңгені құрады. Өткен жылмен салыстырғанда 38,4 пайызға артты.

– Өздеріңіз білесіздер, Қармақшы аграрлық аудан саналады. Сондықтан, макроэкономикалық көрсеткіштерінің басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерге байланысты. Былтыр ауыл шаруашылығы дақылдары 25272 гектарды алса, биыл 26735 гектар жерге егін егу жоспарлануда, 13 мың гектарға күріш егіп, 78,2 мың тонна астық жинадық. Орташа өнімділік 60 центнер. Сондай-ақ ылғал үнемдейтін технологияларды – тамшылатып және жаңбырлатып суаруды белсенді енгіземіз. Одан бөлек ауыспалы егістіктерде күріш егу үшін 7 мың гектар жер лазермен тегістелді.

«Ақтөбе» ауылында «Оңталап» шаруа қожалығының тәулігіне 80 тонна және Дүр Оңғар ауылында «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қуаттылығы тәулігіне 100 тоннаға дейін күріш өңдейтін зауыттар іске қосылды.  Ауданымыз облыстағы егін шаруашылығы бойынша  «Озат аудан» атанды, – дейді Ж.Еркінбек.

Кәсіпкерлік саласында да серпін бар. Жыл басынан бері 3372 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 3160-ы жұмыс жасап тұр.  Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар шеңберінде 134 жобаға 2 млрд 483,9 млн теңге несие беріліп, 137 азамат 202,3 млн теңгенің грантын алды. Ал өнеркәсіп саласы бойынша 3 жоба жүзеге асты.

«Жосалы» кентінде «АНК-Даулет» ЖШС-ның газоблок өндіретін шағын зауыты, «Жаңажол» ауылдық округінде кондитерлік цех және «Төретам» кентінде «С-тройка» өндірістік кооперативінің бетон бұйымдарын өндіру цехы іске қосылды. Одан бөлек қызмет көрсету және сауда саласында құны 95 млн теңге болатын 2 жоба жүзеге асырылуда. Бұл арқылы халықтың өмір сүру сапасын арттыру, әлеуметтік нысандарды салу, ауызсумен қамтамасыз ету, электр желілерін қайта жаңғырту және газбен қамту мәселелері шешіледі.

Жүзеге асып жатқан ауқымды жобалардың енді бірі – елді мекендерді газдандыру. 2022-2024 жылдары  «Төретам» және «Ақай» елді мекенін газбен қамтамасыз ету жұмыстарына 2,2 млрд теңге қаржы бөлініп, пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, «Жосалы» кентінде жаңадан ашылған «Тәуелсіздік» ықшам ауданының үйлеріне газ желілерін тарту құрылысы аяқталып, тұрғындар «көгілдір отын» игілігін көруде. Аудан халқының 78 пайызы табиғи газ тұтынып отыр. Сонымен қатар Дүр Оңғар ауылына дейінгі және ауылішілік газ желісінің құрылысына облыстық бюджеттен 1 млрд 721 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба іске қосылғанда аудан тұрғындарын газбен қамту үлесі 82 пайызға жетеді.

Жалпы, денсаулық, спорт, мәдениет, инфрақұрылым салалары да өткен жылды жоғары көрсеткішпен қорытындылады. Алдағы уақытта да әлеуметтік-экономикалық даму бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылады.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»