Қармақшы: Фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды

97

0

Кеше аймақ басшысының тапсырмасымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов Қармақшы ауданының «Қармақшы» ауылында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен салынған фельдшерлік-акушерлік пункттің ашылу рәсіміне қатысты.

Салтанатты жиынға зиялы қауым өкілдері, жауапты сала басшылары мен ауыл тұрғындары келді. Данияр Еренғалиұлы жиналған жұртшылықты алдағы Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

– Жылды қорытындылап, атқарылған істі сараптайтын, алдағы жылға жаңа жоспар жасап, жаңа міндеттер белгілейтін кезеңде баршаңызға табыс тілеймін. Мереке қарсаңында «Қармақшы» ауылындағы жаңа фельдшерлік-акушерлік пунктті ел игілігіне табыстаудамыз.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек» деп атап өтті.

Биыл облыстың денсаулық сақтау саласының бюджеті 146 млрд 200 млн теңгеге жетті. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңіріміздің барлық аудандарында құны 10 млрд 200 млн теңге болатын 27 медициналық нысан салу жоспарланған. Өткен жылы 16 жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Қалған 11 нысанның құрылысы аяқталуда. Бүгін ел игілігіне табысталатын жаңа ғимарат азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға жол ашсын! Шипа іздеп келген жандарға жоғары деңгейдегі қызмет көрсететін орынға айналсын! – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Жаналинов.

Жиында ауыл ардагері М.Таңбаев батасын беріп, бірқатар еңбек ардагерлері мен құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Айта кетейік, Тәуелсіздік күні қарсаңында Шиелі ауданының «Тартоғай», «Алмалы» ауылдарындағы жаңа дәрігерлік амбулаториялар ел игілігіне табысталды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Қызылорда қаласында 1 медициналық бекет, 1 дәрігерлік амбулатория жұмысын бастады. Ал облыс орталығында жылына 10 мың адамға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар заманауи «Қан орталығы» ашылып, ел игілігіне қызмет етуде.

Жыл басында ана мен бала өмірін қорғау мақсатында көпбейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппараты іске қосылып, 70 орындық перинаталдық бөлім ашылды. Облыс орталығында 36 млрд 400 млн теңгеге емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың, Арал ауданы «Сексеуіл» кентінде 1 млрд 100 млн теңгеге 40 төсек-орынға арналған ауылдық аурухананың құрылысы жүргізілуде. «Сексеуілдегі» нысан жақын күндері пайдалануға беріледі.

Биыл Жаңақорған ауданындағы «Қамқорлық» оңалту орталығы пайдалануға берілсе, жақын арада осындай орталық Арал ауданында да ашылады. Мұнан бөлек, ұлттық жоба аясында 4 млрд 500 млн теңгеге 4 көпбейінді аудандық орталық аурухана жанынан қосымша құрылыс салу жоспарланған. Бұған қоса 3 млрд 800 млн теңгеге 8 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 6 нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылады. Медициналық құрал-жабдықтарға 4 млрд 600 млн теңге бағытталып, жабдықталу деңгейі 87,1 пайызға көтерілді.

Облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы 100 пайыз көлікпен қамтамасыз етілді. Соңғы 2 жылда денсаулық сақтау мекемелеріне 225 жаңа санитарлық автокөлік табысталса, оның 14-і Қармақшы аудандық ауруханасына берілді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<