Қармақшы ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайы жыл сайын жақсаруда. Оның дәлелін аудан бюджетінің артуынан көруге болады. Жыл басынан атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндаған аудан әкімі Жандос Еркінбек әр сала бойынша көрсеткіштерге тоқталды.
– Қазіргі таңда аудан бюджеті 17 млрд 177 млн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 18,4 пайызға артып отыр. Оның ішінде ауданның өз кірісі биылға 2 млрд 441 млн теңге болып, былтырғыдан 386 млн теңгеге өсті. Макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша да барлық салада өсім бар. Жалпы аудан ауыл шаруашылығына негізделген аймақ. Сондықтан макроэкономикалық көрсеткіштердің басым бөлігі осы саладағы жетістіктерге байланысты. Биыл жалпы көлемі 25231 гектарға егін орналастырылса, оның ішінде күріш көлемі 13270 гектар. Былтырғы жылмен салыстырғанда, күріш егістігі 500 гектарға қысқарды. Облыс басшылығы су жетіспеушілігі мәселесін оңтайлы шешуге ықпал жасап, әрбір шаруашылықтың қажетті көлемде су алуына жағдай жасалуда. Ендігі кезекте диқандар су көлемінің аздығы, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, қиындықтарды бірге еңсеріп, егінге уақытылы күтім жасап, өнімін алғанға дейін аянбай еңбек етеді деген сенімдеміз, – деді Ж.Еркінбек.
Қазіргі уақытта әр тұрғынның өзін-өзі көкөніс және бақша өнімдерімен қамтамасыз етуіне де мүмкіндік қарастырылған. Оған 408 гектар бақшалық жер дайындалып, 930 отбасының үлесіне беріліпті. Сонымен қатар, су үнемдеу технологияларын пайдалану бойынша жаңбырлатып суару тәсілімен 45 гектар жоңышқа, 13 гектар көкөніс-бақша дақылы егілген. Мал шаруашылығы бойынша да мемлекеттік бағдарламалардың қолдауымен өсім қалыптасуда.
Ауданның экономикалық дамуына тікелей әсер ететін шағын және орта кәсіпкерліктің дамуында ілгерілеу бар. Үш мыңнан астам шағын және орта кәсіп иесі ісін дөңгелентіп келеді. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар шеңберінде жалпы құны 795,2 млн теңге болатын 52 жобаға несие беріліп, 77 азамат 113,7 млн теңгенің грантын алды. Жыл аяғына дейін қосымша 109 адамға грант беру жоспарлануда.
Өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде 45 жобаға 297,6 млн теңге несие берілген. Ал биыл жалпы құны 540,8 млн теңге болатын 78 жобаға несие беру арқылы 92 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Несие алуға ниет білдірген 7 кооператив және 71 жеке кәсіпкердің жобасы іріктеліп, комиссия қарауына ұсынуға әзір. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жобалар іске қосылып, бірқатарының құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, өнеркәсіп саласы бойынша 3 жоба жүзеге асты. Ол мамыр айында Жосалы кентінде «АНК-Даулет» ЖШС газоблоктар өндіретін шағын зауыты, «Жаңажол» ауылдық округінде наубайхана және кондитерлік цехы, «Төретам» кентінде «С-тройка» өндірістік кооперативінің бетон бұйымдарын өндіру цехы іске қосылды.
Тұрғындарға қызмет көрсету және сауда саласында да оң көрсеткіштер бар. Жосалы кентінен жеке кәсіпкер «Мағжан» дәмханасын ашып, 30 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жобаны іске асыруға «Ұлттық жоба» және «Бірыңғай кешенді бағдарлама» шеңберінде 55 млн теңге несие алған. Сондай-ақ «Адина» сауда орталығының құрылысы жүруде.
Осы жобалар нәтижесінде халықтың өмір сүру сапасын арттырып, түрлі әлеуметтік нысандар салуға мүмкіндік туады. Бұл ретте аудан әкімі жеке тұрғын үйі жоқ Жосалы кентіндегі халықтың әлеуметтік осал топтарына және кезекте тұрған азаматтарға 100 пәтер сатып алынатынын айтты. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
«Төретам» және «Ақай» елді мекенін газбен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілген. Атап айтсақ, «Ақай» ауылындағы табиғи газға қосу жұмыстары аяқталып, өткен жылғы қараша айында пайдалануға беріліп, 672 тұрғын үй газға қосылды. Одан бөлек 705 адамнан өтініш түсіп, табиғи газға қосылуына рұқсат берілген. Ал «Төретам» кентінде маусым айында 206 үй табиғи газға қосылды.
Аудан бойынша маңызды Дүр Оңғар ауылына дейінгі және ауылішілік газ желісінің құрылысына облыстық бюджеттен 1 млрд теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу барысы реттелуде. Ауылға газ жеткізілген жағдайда сол аймақтағы 10 елді мекенді газдандыруға мүмкіндік туады. Осы жобалар іске асса, аудан тұрғындарын газбен қамту үлесі артады. «Иіркөл» және Төребай би ауылдарына дейінгі және ауылішілік газ желісінің жобасын әзірлеуге аудандық бюджеттен 34,2 млн теңге қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, «Жосалы» кентінде жаңадан ашылған «Тәуелсіздік» ықшам ауданының үйлеріне газ желілерін жеткізу құрылысы жүргізілуде. Ауызсу жеткізу үшін су құбыры да тартылуда. Тұрғындар үшін өзекті мәселе болған Мырзағалиева көшесіндегі теміржол өткелі құрылысының жоба-сметалық құжаты мемлекеттік сараптамаға жіберілген.
Ауданда электр желілерінің тозығы жеткен. Сондықтан қайта жаңғыртуды қажет етеді. Биыл 3 елді мекенге қаржы бөлініп, жарық беру желілері жаңғыртылуда. Аудандық бюджеттен «Қуаңдария», «Ақжар», «ІІІ Интернационал», Алдашбай ахун, Қармақшы ауылдарының электр желілерін қайта жаңғырту бойынша жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, бюджеттік өтінім өткізілді. Алдағы уақытта кезең-кезеңімен жұмыс атқарылады.
Жалпы, ауданда алты айда атқарылған шаруа көп. Жол құрылысы, абаттандыру, аяқсу, тазалық жұмысы күн тәртібінен түскен емес. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі жетілдіре түсуге мүмкіндік бар.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы».
Суреттерді түсірген Нұрболат Нұржаубай
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<