Қармақшы: Тұрақты өсім бар

387

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен аудандардың даму жоспарын қарау жөніндегі кеңес өтуде. Бейсенбіде өткен кеңесте Қармақшы ауданының алдағы даму бағыты, жүзеге асырылатын жобалар талқыланды. Аудан әкімі Жандос Еркінбек ұсынған әр жобаның тиімділігі, ең бастысы халыққа қажеттілігі сарапталды.

Аймақ басшысы Қармақшы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өткен жылдың қорытындысында байқалған оң динамиканы, бюджеттің игерілуіндегі жетістіктерді атап өтті.

– Қармақшы ауданының өсу динамикасы тұрақты. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 15,2 млрд теңге немесе 113,8% болған, жұмысты жүйелеуде бюджет қаражатына ғана арқа сүйемеген. Бюджетті 99,1% игерген. Ауданның өз кірісі 2022 жылы 1,8 млрд теңге болса, былтыр 2,2 млрд теңгеге өскен, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Ж.Еркінбектің айтуынша, Қармақшы ауданының бюджеті 2024 жылға трансферттер мен кредиттерді қоса алғанда 14,6 млрд теңге болып бекітілген. Барлық кірістерінің 14,5 пайызын өз кірістері, 42,4 пайызын субвенция, 38,4 пайызын трансферттер, 4,7 пайызын несиелер құрайды.

Кеңесте аудан әкімі  биыл құны 3,6 млрд теңге болатын 15 жобаға қаржы бөлінгенін айтты. Ауданда электр желілерін жаңғырту үшін демеушілер есебінен жоба-сметалық құжаттар әзірленген болатын. Биыл Көмекбаев, «Ақтөбе», «Иіркөл» елді мекендеріне 631 млн теңге қаржы қаралды. Жұмыс жақын арада басталады.

– Жосалы кентіндегі жаңадан ашылған «Тәуелсіздік» ықшам ауданына газ желісі жеткізіледі. Облыстық бюджет есебінен «Самара-Шымкент-Ақжар-Көмекбаев» аудандық маңызы бар автомобиль жолының 27 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары басталған еді, былтырға жоспарланған 11 шақырымы аяқталды. Биыл қалған 16 шақырымын жөндеу жалғасады. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы 9 көше жөнделеді. Атап айтсақ, «Ақжар» ауылына бір көше салынады, Тұрмағамбет ауылының бір көшесі күрделі, 4 көшесі орташа жөнделеді. Жосалы кентінің бір көшесіне, Төретам кентінің екі көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – деді аудан әкімі.

Кентте «Руханият орталығы», «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен «Қуаңдария» және «Қармақшы» ауылдарында фельдшерлік-акушерлік бекет, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 2 мектеп бой көтермек.

Байқоңыр қаласында 50 пәтерлік 5 тұрғын үй салынуда. 2021-2023 жылдары 2,8 млрд теңге қаржы игеріліп, биылға 727,9 млн теңге қаралған. 2022 жылы «Ақай» елді мекенінде денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды, бүгінде жұмыс аяқталуға жақын.

Өткен жылы «Жаңажол», ІІІ Интернационал ауылдарында спорт кешендерінің құрылысы бастау алған, биылғы бірінші жартыжылдықта аяқталады деп жоспарлануда.

Төретам кенті мен «Ақай» елді мекенін газдандырудың құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, бүгінде Ақай ауылы толығымен қосылды. Ал Төретам кентінде жұмыстар бітуге таяды.

Аудан әкімі Жандос Еркінбек бірқатар жаңа жобаны бастауға ұсыныс білдірді. Қазір жалпы құны 15,4 млрд теңге болатын 41 жоба дайын. Оның ішінде, 11 жобаны бірінші кезекте қаржыландыру сұралды. Олар – Дүр Оңғар елді мекенін газдандыру, Тұрмағамбет ауылынан жаңадан 250 орындық мектеп салу, «Қуаңдария »және Дүр Оңғар елді мекендерінің электр желілерін жаңғырту, қосалқы станциясын кеңейту. Сонымен қатар, «Жосалы» кентіндегі Мырзағалиева көшесінен теміржол өткелін, «Қуаңдария» және Алдашбай ахун ауылдық округтерінен балабақша, «Жосалы» ауылдық округінен ауылдық клуб үйі мен спорт кешенінің біріккен ғимаратын, Төретам кенті мен «Ақай» ауылына айналма жол салу ұсынылды. Тұрғын үйге мұқтаж топтарға 92 үй сатып алу, Жосалы кентіндегі «Тәуелсіздік» ықшам ауданына су құбырын жеткізу де маңызды. Тірек және спутник елді мекендер қатарына енбеген Көмекбаев ауылдық округінің 2 көшесін, Алдашбай ахун ауылының 3 көшесін, «Қармақшы» ауылының 3 көшесін орташа жөндеу қажет етіледі.

Аудан әкімі автомобиль жолына қатысты 15 жоба, көшелерді жарықтандыру бойынша құны 355,1 млн теңге болатын 11 жоба дайын екенін айтты. Баяндама соңында Жандос Еркінбек жаңадан жоба-сметалық құжат әзірлеуді қажет ететін бірқатар жобаны атап өтіп, жүзеге асыруды ұсынды.

Кеңесте ұсынылған жобаларға орай облыстық басқарма басшыларының пікірлері тыңдалды. Ауданда мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асатын жұмыстар, құрылыс, инфрақұрылым, жол құрылысы, кәсіпкерлік салаларының беталысы талқыланды.

Аудан әкімі биылға жоспарланған көрсеткіштердің сапалы әрі уақытылы орындалуына жауапты. Ең бастысы, тұрғындардың талап-тілектері, өтініш-пікірлері ескерусіз қалмауы тиіс. Ал облыстық басқарма басшылары «Ауыл – ел бесігі», басқа да ұлттық жобаларды іске асыруда, жолдарды жөндеу және салуда, инфрақұрылым желілерін әрі қарай дамытуда өздеріне жүктелген міндеттерді атқаруы керек.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<