Қармақшы аудандық кітапханасында биылдан бастап Абай залы жұмыс істейді. Мұндай үлгілі істі қармақшылықтар облыста бірінші болып бастады. Ұлы ақынның 175 жылдығына орай ашылған бөлмеде ойшылдың құнды жґдігерлері орналастырылған.
– Біз ұлы ақынға құрмет ретінде осы бастаманы көтердік. Мұнда Абай Құнанбайұлының авторы белгісіз, 1965 жылы салынған портреті бар. Сонымен қатар, 200-ден астам еңбегі қойылған. Ішінде ертеректе шыққан құнды кітаптар да бар. Абай әлеміне саяхат жасағысы келген жан осында кіріп тың мәліметтермен таныса алады, – дейді кітапхана директоры Гүлшара Қаниева.
Мұнда ақын шығармаларынан бөлек зерттеушілер М.Әуезов, З.Ахметов, М.Мырзахметов, Р.Сыздықова, Ә.Қоңыратбаев, Д.Омаров, Д.Досжан, Ғ.Есім секілді тұлғалардың Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы кітаптары мен мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалалары бар. Құнды жинақтар қатарында М.Әуезовтің 1948 жылы жарық көрген «Абай» романы, А.Құнанбаевтың 1950 жылы шыққан «Ғылым таппай мақтанба» өлеңдер жинағы мен 1952 жылы жарық көрген «Таңдамалы шығармалары» бар.
– Ақынның 175 жылдығын атап өту тек «Абай залын» ашумен шектелмейді. Біз арнайы жоспармен онлайн шаралар кешенін әзірлеп, сонымен жұмыс істеп жатырмыз. Қазір шалғай ауылдар мен елді мекендер де бұл іске білек сыбана кіріскен. Абайдың 175 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы, Әл-Фарабидің 1150 жылдығы секілді шараларды белсенді түрде ұйымдастырудамыз, – дейді Г.Қаниева.
Дәулет ҚЫРДАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<