Қармақшыда азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері марапатталды

540

0

Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Ж. Сүйеубаев аудандық төтенше жағдай мен өрт сөндіру бөлімі қызметкерлерін құтқарушылар күнімен құттықтап, азаматтық қорғау органдарының бірқатар қызметкерлерін марапаттады.

-Құтқарушының жұмысы өте жауапты қызмет. Биыл елімізде құтқарушылар қызметінің құрылғанына – 25 жыл.

1995 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылған болатын. Осының негізінде 19 қазан – Құтқарушылар күні болып белгіленді. 

Құтқарушы мамандығы қарапайым болғанымен қоғам алдында мәртебесі жоғары. Ел игілігі жолында кәсіби міндетін бұлжытпай орындап, қызмет бабында қайсарлық пен өжеттік көрсетіп, ең басты байлық – адам өмірін түрлі апаттар мен қауіп-қатерлерден сақтап қалу, төтенше оқиғаның алдын алу мақсатында аянбай еңбек етіп, қырағылық танытып жүрген батыр азаматтарға халықтың айтар алғысы мен ризашылығы қашанда зор, – деді аудан әкімінің орынбасары Ж. Сүйеубаев.

Сонымен бірге шарада үстіміздегі жылдың маусым айында екі жасөспірімді Сырдария өзенінен шомылып жүрген жерінен құтқарып қалған Елпанов Егеубай Әскербекұлының ата –анасына Төтенше жағдайлар министрлігінің «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалін табысталды. Шара барысында бұл марапатты көрмей кеткен Елпанов Егеубайдың әкесі Әскербек Елпанов сөз алып, ерлікті елеп жатқандары үшін барша жиналған көпшілікке ризашылығын жеткізді.

Сондай –ақ  шарада сала үздіктеріне Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының алғыс хаттарымен І , ІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалдары табысталды.

Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<