Қармақшыда ұлттық спорт күні аталып өтті

163

0

Фото: Қармақшы ауданының әкімдігі

Бүгін Наурызнама тұжырымдамасы аясында 20 наурыз – Ұлттық спорт күніне орай мерекелік шаралар ұйымдастырылды.

Оған аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы қатысып, жиналғандарды аудан әкімінің атынан мерекемен құттықтап, ауданда бұқаралық спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– 2025 жылдың ақпан айында ІІІ Интернационал және Дүр Оңғар ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға беріліп, аудан тұрғындарының 40,5%-ы дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылдануға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, Ақай ауылында бой көтерген дене шынықтыру-сауықтыру кешені Наурыз мерекесі аясында халық игілігіне берілмек. Сондай-ақ, ұлттық спортты дамыту мақсатында ауданда алғаш рет демеушілердің қолдауымен Ақтөбе ауылында құны 70 млн теңге болатын ипподром құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң нысан мемлекеттік балансқа өткізілетін болады. Одан бөлек, Жосалы кентінде жалпы құны 130 млн теңге болатын жабық футбол манежін салу жоспарланып отыр, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Қармақшыда ұлттық спорт күні аталып өтті

Сонымен қатар, шара барысында бұқаралық және ұлттық спорттың дамуына үлес қосып жүрген сала мамандары мен танымал спортшыларға аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды.

Одан кейін Қазақстан Республикасының «Құрметті спорт қайраткері», ардагер ұстаз Еркін Атабаев құттықтау сөз сөйлеп, ізгі лебізін білдірді.

Мерекеге орай ұйымдастырылған ұлттық спорт жарыстарында арқан тартыс, қол күресі, тоғызқұмалақ, гір тасын көтеру, асық ату, қазақ күресі сияқты сайыстар өткізіліп, қатысушылар өз күштері мен ептіліктерін сынады. Жарыс жеңімпаздарына арнайы сыйлықтар табысталып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйланды.

Қармақшыда ұлттық спорт күні аталып өтті

Ұлттық спорт күніне арналған бұл іс-шаралар өңірде салауатты өмір салтын насихаттау мен ұлттық спорт түрлерін дамытуға ықпал етуді көздейді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<