Қармақшылық тұрғындар еңбекақыларын ала алмай жүр

460

0

Фото: ашық дереккөз

Қызылорда облысы Қармақшы ауданында мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға ат салысқан жүздеген тұрғын бір жыл бойы еңбектерінің ақысын ала алмай жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Арал теңізінің құрғап қалған бөлігінде құм көшпес үшін сексеуіл егуді тапсырған. Теңіз жанындағы ағаштың тұқымын жинауға жалданғандар әлі еңбекақыларын алмаған.  

Былтыр Арал теңізінің құрғаған табанына егілетін сексеуілдің тұқымы Қармақшының аумағынан жиналады дегенде тұрғындар қатты қуанған.  «Орман селекциялық тұқым өсіру» орталығы жиналған тұқымның келісіне екі мың теңге төленуі тиіс болған. Соған сенген азаматтар бір айға жетпейтін уақытта 130 тоннадан аса тұқым жинағандарын айтады. Алайда орталық соның 79 тоннасының ақысын төлемеген көрінеді.

“Мен несие алып, осы тұқымды өзім қабылдағанмын. Әлі күнге дейін несиені төлеп отырмын. Артымда 40-50 адам бар. Олардың да еңбегі бар. 700-дей адам ақша алуы керек. Үйге кіре алмай отырмын. Ақшасын талап етеді”, – деді Қармақшы ауданының тұрғыны Ғалымжан Қиясов.

Ақысы төленбесе де, 79 тонна тұқым артығымен жиналып, егілген. Экология министрлігінің өкілдері тұрғындардың еңбегіне қарай төлем жасаңдар деген тапсырмасы әлі күнге дейін орындалмаған.

“Жұрттың еңбегі далаға кетпесін деп оны орман шаруашылықтарымен бірге Аралға егіп тастадық. Оның 20 тоннасын Қазалының лесхозы, 50 тоннасын Қармақшының лесхозы екті. Ауданның әкімі экология министріне барамын, біресе ана министр кетіп қалды, біресе мына министр кетіп қалды деп шеше алмады”, – деді Қармақшы ауданының тұрғыны Әбен Нұрғалиев.

Сексеуіл тұқымын теңізге себу жұмыстарына жауапты орман шаруашылығы мекемесінің басшысы тұқым жинаушылар жұмысты артығымен орындағанын жасырмайды. Бірақ ақшаны басқа орталық төлеу керек дейді.

“Бөлінген қаржысынан артық сома жиналып тұр. Енді мына кісілердің ақшасын төлейік десек, 23 жылға қарастырылмаған деп тұр. Селекциялық орман өсіру мекемесімен о баста келісімшартқа отырған. Енді сол мекемемен соттасады”, – деп мәлімдеді Қармақшы ауданы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің директоры Абай Бекберген. 

Аудан әкімдігіндегілер де тұрғындардың мәселесін шешуге қауқарсыз. Сондықтан мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға ат салысқан тұрғындар адал еңбектерінің ақысын алу үшін енді сотқа жүгінбек.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<