Қармақшы ауданы– облысының орталық бөлігінде орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлініс. Жергілікті жұрт негізінен мал бағып, егін егумен айналысады. Ендігі кезекте, ауданның негізгі көрсеткіштері мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы толығырақ тоқталсақ…
Он айда ауданның макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда оң динамика қалыптасты.
Өнеркәсіп өнімінің көлемі 109,3 пайызға, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 110,7 пайызға, негізгі қорға салынған инвестиция 103,8 пайызға, құрылыс жұмыстары көлемі 144,6 пайызға, тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 113,1 пайызға, бөлшек сауда көлемі 147,7 пайызды құрап, ал ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 98,0 пайыз болды.
Ауданның биылғы жоспары бойынша бюджет көлемі 22 млрд 235 млн теңгені құрады, оның ішінде 1 млрд 636 млн теңге өз кірістері, қалған 20 млрд 599 млн теңге субвенция, трансферттер және кредиттер. Аудан бойынша 2022 жылдың 1 қарашасына түсімдер болжамы 16 млрд 097,2 млн теңге орнына 16 млрд 109,0 млн теңгеге атқарылды.
Айта кету керек, ағымдағы жылдың 1 қарашасына жоспарланған шығындар 57,8 млн теңгеге жоспарланып, толық игерілді.
Құрылыс қарқыны артты
Құрылыс та жоғары қарқынмен жүргізіліп жатыр. Биыл аудан бойынша бірқатар құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Байқоңыр қаласындағы 50 пәтерлік 5 тұрғын үй құрылысы. Бүгінде құрылыс 50 пайызға орындалған. Нысан 2023 жылға өтпелі. Сонымен қатар, осы тұрғын үйлердің инженерлік-инфрақұрылым желілерінің де құрылысы 85 пайызға орындалған. Т.Көмекбаев, Алдашбай ахун және Қармақшы елді мекендеріндегі су құбыры ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстары басталып, қазіргі уақытта 30 пайызы орындалған. Сондай-ақ, Көмекбаев ауылдық округіндегі «Қарақ» және «Қоңыраулы» учаскесінде су шаруашылығы жұмыстары жүргізілуде. Ал Жосалы кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Қазіргі уақытта 80 пайызы орындалған. Жыл соңына дейін нысанды пайдалануға тапсыру күтілуде. Ақай ауылдық округінде дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысының 35 пайызы орындалған. Білім саласы бойынша Ақжар ауылындағы №28 мектеп пайдалануға беріліп, Жосалы кентіндегі №121 және Төретам кентіндегі №85 мектеп ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуда.
Төретам кенті мен Ақай ауылында газ жеткізу құбырының және газ тарату желілерінің құрылысына биыл 600 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жосалы кентіндегі Тәуелсіздік ықшам ауданында балалар ойын алаңы құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Жосалы кентінің Тайшық би көшесіне абаттандыру жұмыстары аясында жол жөндеу, жаяу жүргіншілер жолын салу, аяқ су арықтарына бетонды лоток жүйесі жүргізілді. Ал Жосалы кентінің Амангелді көшесіне жөндеу жұмыстарына аудандық бюджет есебінен 150 млн теңгеге орташа жөндеу және абаттандыру жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлінді. Қалған 40,8 млн теңге 2023 жылы аудандық бюджеттен бөлінбек. Бүгінде мердігер мекеме жұмысын бастап кетті.
Қармақшы ауылындағы су қабылдайтын құрылғыны қайта құру жобасына 205,8 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
№13 «Балбөбек» балабақшасының қазандық ғимаратының құрылысы» жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеуге және сараптамадан өткізу үшін облыстық бюджеттен 1,9 млн теңге қаржы қаралып, ЖСҚ әзірленуде.
Аудандық бюджеттен 8 жобаның жоба-сметалық құжаттамасын рәсімдеуге қаржы бөлініп, құжаттамалар әзірленуде. Оның ішінде тұрғын үй бойынша 1 жоба, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша 2 жоба, спорт саласы бойынша 1 жоба, мәдениет саласы бойынша 2 жоба, жол жөндеу жұмыстары бойынша 2 жоба бар.
Кәсіпкерлік саласында өсім бар
Экономиканың алға жетелеуші күш кәсіпкерлік екені анық. Қармақшы ауданында кәсіпкерлік саласында алға жылжу бар. Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму динамикасында, одан бөлек негізгі салаларда оң өзгерістер байқалады. Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар аясында жаңа жұмыс орындарын ашуға, бизнес субъектілерінің жұмыс істеуіне жағдай жасалды. Бүгінге дейін Қармақшы ауданында тіркелген шағын және орта бизнес субъектілері 4087 бірлікті құрады. Оның ішінде жұмыс жасап тұрғаны – 3705.
Кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылған адамдар саны биылғы жылдың 1 тоқсанында 4965 адамды құраса, өндірілген өнім көлемі – 1,9 млрд теңге болды. 2022 жылдың 9 айында барлық бағдарламалар шеңберінде 95 жоба 1 млрд 790,3 млн теңгеге несиелендірілді.
Қармақшы ауылдық округі бойынша, бүгінгі күнге тіркелген кәсіпкерлік субъектілер саны 89 бірлік, оның ішінде жұмыс жасап тұрғандары 84 бірлік. Атап айтар болсақ, «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы қайта қаржыландыруы бойынша мал шаруашылығы саласын дамыту бағытындағы 1 жоба 22 млн теңгеге несиелендірілді. Сонымен қатар, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» Ұлттық жобасы аясында Көмекбаев ауылында өз ісін жаңадан бастаймын деген жұмыссыз 18 азамат құны 22 млн теңгенің грантын жеңіп алды.
Осы ретте, ауыл тұрғындарының барлығын бірдей бюджеттік сала мекемелеріне жұмыспен қамту мүмкін еместігін ескеріп, көпшілік мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несие алып, кәсіппен айналысуға бел буды.
Бақша дақылдарын өсіруге жұмылды
Ауыл шаруашылығы – экономиканың маңызды саласы. Биылғы жылы ауданда жалпы көлемі 24 326 гектар алаңға егіс орналастырылды. Оның ішінде күріш көлемі 12 773 гектар.
Биыл орналастырылған 1021 гектар бидай орылып, 428,4 тонна өнім алынды. Әр гектарынан орташа өнім 4,2 центнерді құрады.
Сонымен қатар, 4 мың гектар жоңышқа орылып, әр гектарынан орташа 51,6 центнерден өнім алынып, ауыл тұрғындары мен шаруашылық қызметкерлеріне төмендетілген бағада берілді.
Аудан бойынша биыл 30 ауыл шаруашылығы құрылымдарымен егін орналастыру жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 1 ірі, 6 орта, 23 шағын кәсіпкерлік субъектілері бар.
Су тапшылығы жағдайында қашыртқы суларын қайта пайдалану үшін егістік жерлерді суармалы сумен қамтамасыз ету мақсатында 39 дана және үй-іргелік жерлерде өсірілген көкөніс, жеміс-жидек өнімдерін аяқ сумен қамтамасыз ету үшін 18 дана, барлығы 57 дана насос тұрақты жұмыс жасады.
Қосымша, елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында аяқ су ұңғымаларын орнату жобаларын жүзеге асыру үшін 24 су ұңғымасын қазу қажеттілігі туындап отыр. Қазіргі таңда, әзірленетін жобаға су ұңғымасын орналастыру жерлері заңдастырылып жатыр. Жобаның болжамдық құны 441 млн теңгені құрап отыр.
Бұдан бөлек, тұрғындарды картоп, көкөніс және бақша өнімдерімен қамтамасыз етуін қалыптастыру үшін қосымша 316 гектар бақшалық жер дайындалып, 837 отбасы егін екті. Оның ішінде Қармақшы ауылдық округі тұрғындарымен егілгені 8 гектар. Ал картоп 3 гектар, көкөніс 3 гектар, бақша өнімдері 2 гектар егілген.
Тұрғындардың бақшалардан алған өнімдерін «Алқаптан сөреге дейін» тізбегін дамыту бағытында жергілікті өнімдерді делдалсыз сату үшін арнайы орындар әзірленді.
Мал басы артты
Мал шаруашылығындада өсім байқалады. Ауданда төрт түлік бойынша өсім орташа 6,3 пайызды құрады. Атап айтқанда, өткен жылмен салыстырғанда ірі қара 0,5 пайызға, қой мен ешкі 5,1 пайызға, жылқы 21,9 пайызға, түйе 8,5 пайызға, үй құстары 9,8 пайызға көбейді.
Оның ішінде Қармақшы ауылдық округінде 2227 бас ірі қара, 1115 бас жылқы, 5190 бас уақ мал, 1017 түйе тіркелген.
Аудандағы төрт түлік мал басы санының өсуіне байланысты жайылымдық жерлердің жетіспеушілігін болдырмау мақсатында елді мекендерден шалғай орындардағы көне су ұңғымаларын тазарту арқылы, қайта іске қосу үшін 26 су ұңғымасы құжаттандырылып ұсынылды. Оның ішіндегі 1 су ұңғымасы Қармақшы ауылдық округінің аумағында. Қармақшы ауылдық округінің негізгі кәсіп түрі мал шаруашылығы. Сондықтан бұл ауылдық округтегі мал шаруашылығының дамуына қолдау көрсетілуі тиіс.
Жол мәселесі қалай шешіліп жатыр?
Кезек күттірмейтін мәселелер қатарында жол мәселесі де бар. Елді мекен бойынша жолдарды жөндеу жұмыстарына 128,6 млн теңге болатын 3 жобаға жоба-сметалық құжаттама әзірленген. Сонымен бірге, Қызылтам елді мекеніне кіре беріс жолына қайта жаңғырту жұмыстарына жоба-сметалық құжаттамасын қайта есептеуге, сараптамадан өткізу үшін аудандық бюджеттен 4,4 млн теңге қаржы қаралды. Қазіргі кезде жоба-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Газдандыру мәселесі өзекті
Жоғарыда айтып өткендей, былтыр облыстық бюджет есебінен «Төретам мен Ақай елді мекендеріне тартылатын газ құбыры мен орамішілік газ тарату желілерін салу» жобалары әзірленіп, жоба сараптамадан өткізілді. Қазіргі уақытта газдандыру жұмыстарын бастау үшін республикалық бюджеттен Төретам кентіне 300 млн теңге, Ақай ауылына 300 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен бірге, Жосалы кентіндегі газ тарату стансасынан Жаңажол ауылдық округіне газ құбырын тарту және елді мекенішілік газ құбыры құрылысы жұмыстарына жобалық сметалық құжаттама жеке инвестор тарапынан рәсімделіп, жоба мемлекеттік сараптамадан өткізілді.
Аталған жобаны жүзеге асыруға қажетті қаржы көлемі 7,1 млрд тенгені құрап отыр. Қажетті қаржы көлемін 2023-2024 жылдары республикалық бюджеттен бөлуге «Қызылорда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ-не бюджеттік өтінім тапсырылды. Осы жоба жүзеге асырылған жағдайда магистральды газ құбыры арқылы басқа да ауылдық округтердің кварталішілік газ құбыры жобасын атқаруға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу және құрылыс жұмыстары алдағы уақытта кезең- кезеңімен жүзеге асады.
Абаттандыру жұмыстары маңызды
Қармақшы ауылдық округіне аяқсу беруге қажетті дизель отынымен қамтамасыз етуге 3 млн теңге қаржы қаралды. Елді мекенді көгалдандыру және аяқ су шығындарына 2,6 млн теңге қаржы қаралды.
Аудан бойынша қайырымдылық шараларын ұйымдастыру мақсатында тұрақты азық-түлік себеттері таратылып тұрады. Жалпы аудан бойынша 1576 отбасына 7,6 млн теңге көлемінде қайырымдылық көмектер көрсетілді.
Қармақшы ауылдық округі бойынша биыл 3 отбасының 20 азаматына 442,9 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді.
Балалар жылы аясында Қуаңдария ауылдық округінде 1, Дауылкөл ауылдық округінде 1, Ақтөбе ауылдық округінде 1, Жаңажол ауылдық округінде 1, Қармақшы ауылдық округінде 1 және Жосалы кентінде 1 балалар ойын алаңдары демеушілер есебінен салынып, пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, Ақтөбе ауылдық округінде «Оңталап» шаруа қожалығының демеушілігімен ірі көлемде балалар ойын алаңы және Төретам кентінен балалар мұз айдынының құрылысы жүргізілуде.
Ауызбірлікпен атқарылған іс-шаралар
Аудандық мәдениет саласы бойынша 35 мекеме жұмыс жасайды. Ағымдағы жылдың 9 айында 1046 мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылды.
Сыр сүлейі, ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 140 жылдығын 22 қазан күні кең көлемде атап өтті. Сонымен қатар, «Жаңақала» совхозының негізін қалаушы Қаратай Қуаңбаевтың 100 жылдығына арналған облыстық мәдени шара өткізлді. Мерейтой аясында елімізге белгілі айтыскер ақын, «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» Серік Ідірісовпен кездесу кеші, облыстық филармонияның гала концерті, республикаға белгілі жыршылардың қатысуымен жыраулар фестивалі, спорттық ойындар мен ат бәйгелері болып өтті.
Жалпы елдің ауызбіршілігінің нәтижесінде мейрейтой жоғары деңгейде өткізілді деп айтуға болады. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарының үлесімен ауылдағы №185 мектепке Қаратай Қуаңбаевтың атын беру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұқаралық спорт – болашақ жеңіс бастауы
Бұқаралық спорт– спорт саласының ең маңызды іргетасы. Оны дамытпай, ел спорты Олимпиада тәрізді белестерді бағындыруы мүмкін емес. Сол себепті бұқаралық спорт іс-шаралар бойынша аудан тұрғындарының ішінен шұғылданатын адамдар саны 18393 адам, немесе 34,2 пайызды құрады.
2022 жылдың 9 айында барлығы 184 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 15614 спортшы қатысты.
Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен кубоктарында 15 алтын, 5 күміс, 16 қола медаль, Азия біріншілігінде 1 қола, Әлем біріншілігінде 3 алтын, әлемдік гран-при турнирінде 1 қола жеңіп алды.
Сонымен қатар, биылғы жылы алғаш рет ұйымдастырылған «Бала барысы» турнирінде Қармақшы ауданының жас спортшысы Алихан Әлиасқаров жеңімпаз болып, «Бала барысы-2022» атанды. Балалар мен жасөспірімдерді бұқаралық спортқа тарту мақсатында 22 спорт алаңдарымен қамтылған.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<