Қармақшының ісі қарқынды

700

0

Қармақшы ауданында әлеуметтік-экономикалық даму бағытында оң динамика байқалады. Мәселен, осы жылдың 9 айында өнеркәсіп саласының кәсіпорындары 2 млрд 577 млн теңгенің өнімін өндірді. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 1 млрд 952 млн теңгенің өнімі шығарылды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қармақшы ауданының әкімі Қайрат Нұртай мәлімдеді.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 12 млрд 63,8 млн. теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 5,1 пайызды құрады. Ауданға 6 млрд 525 млн теңгеге инвестиция тартылып, 2 млрд 236 млн. теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілді.

«Жалпы, ауданда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3913, ал жұмыспен қамтылғандар саны 5676 адам. Кәсіпкерлік субъектілермен 4 млрд 935 млн теңгенің өнімі шығарылды. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 369 жоба 1 млрд 133 млн теңгеге қаржыландырылды. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда қаржыландырылған сомасы 1,8 есеге артты. Оның ішінде: «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 114 жоба 642,2 млн теңгеге несиелендірілді. Бағдарлама шеңберінде ісін жаңа бастаған 5 жас кәсіпкерге 11,2 млн теңгенің гранты берілді», – деді аудан әкімі.

Сондай-ақ, канал мәселесі де қозғалды. Егіске пайдаланылатын суармалы судың тапшылығына байланысты «Батыс Қармақшы» қашыртқысынан «Қурайлы» каналының П309 пикетіне қосымша су салу үшін ұзындығы 11 шақырымды құрайтын канал қазылды. 8,5 шақырым ескі арнаға механикалық тазалау жүргізілсе, 2,5 шақырым тыңнан канал қазылды. Бұдан бөлек Қармақшы ауылдық округінде Қараөзек арнасының «Қожантай» учаскесіндегі су тоспасының құрылысын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<