Қарт бағбанның берекесі

250

0

Қызылорда қаласына қарасты Баймұрат батыр ауылында Гажденбек Іздіқұлов деген  бағбан ата тұрады. Оны ауылдастары ерекше құрметтейді. Олай дейтініміз зейнетке шыққанға дейін мал баққан ақсақал ауылды өркендету жолында үздіксіз еңбек еткен.  Ауылға жолымыз түскенде қарт бағбанның берекелі ісін көріп едік.

Гажденбек ата өзі еккен жемістен, дәм татқызды. Бақты көргенде бағбанның ісіне сүйсінесің. Бүгінде жұмыс жоқ деген сылтауды желеу етіп жалқаулықтан ажырай алмай жүрген  жастар көп. Бұл ретте сексен төрттегі қарияның ісі көпке үлгі.

Оның балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келді.  Жастайынан бейнет кешті, еңбек жолы колхозда басталып, мал шаруашылығында жұмыс істеді. Алдымен «Қоғалыкөл», кейін «Бесарық» ауылында қой бақты. Баймұрат батыр ауылына қоныстанып, сол жерде де кәсібін жалғастырды.

– Үш ауылда бас-аяғы 35 жыл қой бақтым. Сол жұмыстан зейнетке шықтым, – деген ата әңгімесін әріден бастады.

Жасы келсе де еңбектен қол үзбеген қария бүгінде немере-шөберелері үшін жеміс-жидек пен көкөністің түр-түрін өсірумен айналысады.

– Зейнетке шыққан кезде ауылдың жері пайға бөліне бастады. Әкімшіліктің енді құрылып жатқан тұсы. Содан өзіме тиесілі жерімді алдым. Бірақ  пайдалануға келгенде көп ойландым. Себебі бұрын-соңды егіншілікпен айналысып көрмегенмін. Бала кезімде  үлкен атам бақша егетін. Сол кісіге еріп жүріп, жеміс ағаштарын баптауға қолғабыс еткенім, атамнан үйренгенім, көргенім бар. Жерді игеру үшін бағбандықпен айналыса бастадым. Оның үстіне отбасым үлкен, балаларым да  жас болды, – дейді қария.

Бүгінде оның ауласында жүзімнің қырық түбі бар. Онан бөлек,  бірнеше түп алмұрт, қараөрік, алма ағаштары да жеміс береді.  Ауласының бір бөлігіне қызыл бұрыш, қияр мен қызанақ, қауын өсіріп,  өнімін алады. Ауыл халқы да үйренген, жеміс-жидек керек болса, тапсырыспен алдыртатын көрінеді. Жеміс ағаштарының күтімін Гажденбек ата өзі жасайды. Отағын жұлып, уақытылы суару, бәрі-бәрі өзінің қолынан өтеді. Қыс түскенше  жерді дайындап, жүзімін жапса, көктемде бақша дақылдарын егеді. Ол кісінің айтуынша, бір жағынан еңбек адамды өсірсе, екінші жағынан оның жасындағы адам үшін қимыл-қозғалыс өте пайдалы.

– Бұл жеміс ағаштарынан бөлек 21 түп абрикос әкеліп өсіргенмін. Бірақ бізге жерсінбеді. Қазір оның 2 түбі ғана қалды. Өзіміздің жерге үйренген жергілікті жүзім, алма, алмұрт ағаштары дұрыс екен.  Барлығы жеміс беріп тұр. Балаларым жеген сайын қуанамын. Ауылда тұрған соң мал ұстап, егін егіп, бақша баптаған дұрыс деп ойлаймын.

Кейде менің ағаш баптап, көкөніс еккеніме қарап балаларым «үйде отыр, өзіңді күт» деп жиі айтады. Мен үшін таза ауада, қозғалыста жүрген пайдалырақ. Осы бақшаның тірлігін істеп, уақытымның қалай өткенін білмей қаламын, – дейді ақсақал.

Жасы 84-ке келсе де еңбектен қол үзбеген Гажденбек ата немерелерін де бағбандыққа  баулып жүр.

– Халқымыз «Баптай білсең, жер жомарт» демей ме?! Осы қағиданы ұстанып, жерді өңдеп, маңдай терімізді төгеміз. Шүкір деймін, жыл сайын еңбегімізге қарай несібемізді көріп келеміз. Немерелерім де еңбектің нанының тәтті екенін біліп өссе деймін, – деген ол әңгіме арасында жастарды адал жолмен нан табуға, елдің жанашыры болуға шақырды.

– Қазір жұмыс жасаймын деген адамға барлық мүмкіндік бар. Жаныңа қажеттінің бәрін табуға болады. Бірақ дайын нәрсеге үйір болмауымыз керек. Адал еңбек етсең ғана кез келген нәрсенің берекесі болады. Жастар осыны түсінсе екен, – деді тағы бір сөзінде.

Қарт бағбан мен Гүлнаш  апаның 11 баласы, 30 немересі, 12 шөбересі бар. Перзенттері өмірден өз орнын тапқан, барлығы сан саланың білікті мамандары.

Атаның еңбекқорлығына, жайқалған бағына қарап кішіге жол көрсетер үлкендердің болғаны қандай жақсы деп ойлайсың. Бақытын еңбектен тапқан қариядан бата алып, жолға шықтық.

Еңбек адамы қашанда барлық құрметке лайық. Оның өнегесі  өміршең.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<