Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «1 қазан – Халықаралық қарттар күніне» орай Ұлы Отан соғысы ардагері Любовь Колесниктің үйіне барып құттықтады.
– Қарттар – біздің қазынамыз. Елімізде қарттарды қолдау мемлекеттік әлеуметтік саясаттың бір бөлігіне айналды. Сіздерге құрмет көрсету – біздің парызымыз. Өмір жолдарыңыз, ерліктеріңіз өскелең ұрпаққа қашан да үлгі. Зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін, – деді облыс әкімі.
Өз кезегінде Ұлы Отан соғысы ардагері көрсетілген құрметке алғысын жеткізді.
Колесник Любовь Сергеевна 1925 жылы 4 тамыз күні қазіргі Түркістан облысы Арыс қаласында әскери қызметшілер отбасында дүниеге келген. Отан соғысы жылдары жергілікті медициналық техникумда оқып, кәмелет жасқа толысымен, яғни, 1944 жылы әскер қатарына шақырылған. Соғыс кезінде Беларусь фронтының дала госпиталінде медбике қызметін атқарып, батылдық танытқан.
Ол соғыс аяқталған соң да госпитальда жұмыс істеді. 1945 жылдың қыркүйегінде елге оралып, Қызылорда қаласындағы локомотив депосының медпунктіне фельдшер болып орналасып, ұзақ жылдар абыроймен еңбек етті. Осы жерден зейнетке шыққан. Майдангер қарт ана 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<