Қарттарым – асыл қазынам

766

0

Қарттар күні қарсаңында облыста бірнеше іс-шара ұйымдастырылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Мырзабек айтып берді.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1990 жылғы 14 желтоқсандағы Қарарымен «1 қазан – Халықаралық қарттар күні» болып жарияланып, елімізде оны жыл сайын атап өту дәстүрге айналды. Айта кетейік, биыл бұл атаулы күн облыстың 85 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.

– Айтулы датаны атап өту жұма күні таңертең басталды. Шараға Қызылорда қаласы мен аудандардан ардагерлер келіп қатысты. Облыс орталығы көркейіп, қала сәулетіне ерекше сән беретін нысандар бой көтеріп, маңызды жобалар жүзеге асуда. Ардагерлерге қаланың көрікті жерлерін аралаттық. Атап айтқанда, абаттандырылған теміржол вокзалы, «Қорқыт ата» әуежайы, сол жағалаудағы тұрғын үйлерді көрді. 

Сонымен қатар, «Неке сарайы» мен «Анаға тағзым» орталығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Мұнан соң «Қарттарым – асыл қазынам» салтанатты шарасы өтті. Оған аймақ басшысы қатысып, ардагерлерге құрмет көрсетті, – деді ол. 

Бұған қоса, аталған басқармаға қарасты №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында «Қариялы ел – қазыналы ел» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Онда облыс әкімінің орынбасары М.Шермағанбет қызмет алушыларды құттықтады. Орталық ауласына тігілген киіз үйлерде облыстың 85 жылдығына арналған көрме ұйымдастырылды. Қарттарға сый-сыяпат жасалып, соңы мерекелік концертке ұласты.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, облыста 2 мыңнан аса егде жастағы адам арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Қызылорда қаласында Қарттар үйі жанындағы 100 орындық және зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығының 50 орындық күндізгі бөлімшесі, Талсуат елді мекеніндегі 150 орындық мүгедектерге арналған оңалту орталығында қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілуде. Барлық мекеме ғимараттары заман талабына сай жабдықталып, олардың материалдық базасы нығайтылған.

Еске сала кетсек, биыл Жеңістің 78 жылдығына соғыс және тыл ардагерлеріне әлеуметтік көмек көрсетілген. Оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушыларына 1 млн 500 мың теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек төленді.

Атап өту керек, Қарттар күні аясында облыста әрбір мекеме, кәсіпорындар өз ардагерлеріне құрмет көрсетсе, аудандар да мерекелік шаралар өткізуде. Бұған қоса, қайырымдылық көмек көрсетілуде.

Брифингте облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев игі істерді көзбен көрген ардагерлер атынан алғысын жеткізді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<