Қарымды қайраткерге құрмет

275

0

Фото: Облыс әкімдігі

Сейсенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың 70 жасқа толуына орай арнайы басқосу өтті.

Оған Парламент Сенатының де­путаты Наурызбай Байқадамов, көр­некті мем­лекет және қоғам қай­рат­керлері Қуаныш Сұлтанов, Гүл­шара Әбдіқалықова, Қазақ­стан­ның Еңбек Ерлері Ұзақбай Қарабалин, Юрий Пя, композитор, Қазақстан Рес­публикасының еңбек сіңірген қай­раткері Төлеген Мұхамед­жанов, зиялы қауым өкілдері, ел ағалары, мерейтой иесінің әріптес-достары, басқа өңірлерден келген қонақтар қатысты.

Алдымен Қырымбек Көшербаевқа Президент Қасым-Жомарт Кемел­ұлы­­ның арнайы құттықтау хаты табыс­талды.

Аймақ басшысы мерейтой иесін «Қызылорда облысының әлеуметтік-эко­номикалық дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттап, хал­қы­мыздың игі дәстүріне сай сый-құрмет көрсетті.

– Мәнді де мағыналы ғұмыр кешіп, абыройға, сый-құрметке бөленген аға буын ішінде Қырымбек Елеуұлының тұлғалық келбеті, адами болмысының ерекшелігі өз алдына бөлек. Ел ама­натын арқалап, халық құрметіне кенел­ген ардақты ағаларымыздың ғибратты ғұ­мырын өскелең ұрпаққа үлгі ету, лайықты құрмет көрсету – біздің басты парызымыз.

Қырымбек Елеуұлы ел Тәуел­сіз­ді­гінің елең-алаң кезеңінен бастап та­банды қызмет етіп, ел дамуына сү­белі үлес қосты. Қазақ елінің бірлігін нығайтуға, ұлт руханияты мен мәде­ниетін дамытуға сіңірген еңбегі елге белгілі. Қызмет барысында әркез байыпты бастамаларды іске асырды.

Сыр өңірін басқарған уақытта елдің еңсесін тіктеуде ауқымды жұ­мыс атқарды. Мемлекет ісі мен ғы­лым­ды қатар ұштастырған өмір жо­лында, сан салалы қызметте жинаған мол тә­жірибесі кейінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге.

Сізді жерлестеріміздің, өзімнің атымнан мерейлі 70 жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын, – деді облыс әкімі.

Салтанатты жиында Қуаныш Сұл­танов, Наурызбай Байқадамов, Ұзақбай Қарабалин, Юрий Пя, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов, Қазақ­станның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев, ҚР Президенті Әкімшілігі Қауіпсіздік Кеңесінің сарапшысы Еламан Меңдіқұл мерейтой иесінің еңбек жолына тоқталып, ізгі лебіздерін жеткізді.

Қырымбек Елеуұлы қызмет ба­ры­сындағы естеліктерді айтып, көр­сетілген құрметке ризашылығын біл­дірді.

Өнегелі істердің ұйытқысы болып, халықтың ықыласына бөленген, Тәуелсіз Қазақстанның дамуына ал­ғашқы күн­дерден бастап атсалысқан мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Елеуұлы Көшербаев Білім және ғылым, мәдениет, денсаулық сақтау, спорт министрі, Батыс Қа­зақ­стан, Маңғыстау, Қызылорда облыс­­тарының әкімі, Қазақстанның Ре­сейдегі елшісі, Премьер-ми­нистрдің орын­басары, Президент Әкімшілігінің басшысы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хат­шысы болған.

Елге жасаған еңбегі үшін І және ІІ дәрежелі «Барыс», «Парасат» орден­дерімен марапатталған.